Депутаттар қандай жағдайда бір күндік жалақыдан айырылады

Жарияланды
Кызылорде Токаева попросили сохранить квоту для женщин в новом парламенте
Фото: Kursiv.Media

Құрылтай депутаттарына этика бұзған жағдайда қандай шара қолданылады? Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева депутаттар қандай жағдайда бір күндік жалақысынан айырылып, бұқарадан жария түрде кешірім сұрау керегін айтып берді, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Еспаеваның айтуынша, Құрылтай депутаттарының әдеп нормаларын бұзған жағдайда қолданылатын тәртіптік шаралар қарастырылған. Егер де депутаттар әдеп бұзған жағдайда бірнеше шара қолданылады.

Тәртіптік жаза түрлері

Оның айтуынша, депутаттарға ескерту жасау, көпшілік алдында кешірім сұрату, Құрылтай отырысында сөз беру құқығын бір отырысқа немесе үш отырысқа шектеу сияқты шаралар қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ депутатты отырыстан шығару және бір күндік жалақысынан айыру да тәртіптік жаза түрлеріне жатады.

Әдеп жөніндегі кеңес қызметі

Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер мен шағымдарды қарайды. Кеңес әрбір мәселе бойынша шешім қабылдап, тиісті ұсынысты құрылтай төрағасына ұсынады.

Сонымен қатар кеңестің міндеті тек әдеп нормаларының бұзылуын қараумен шектелмейді. Депутаттарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу де оның негізгі бағыттарының бірі болмақ.

«Бүгінде Құрылтайда 145 депутат бар. Оның құрамы 78 пайызға жаңарды. Сондықтан депутаттық әдеп нормаларын түсіндіру жұмыстары аса маңызды», – деді Дания Еспаева.

Әдеп нормаларына не жатады

Құрылтай депутаттары үшін әдеп талаптарын сақтау тек отырыс кезінде емес, қызметтен тыс уақытта да міндетті болады.

Оның айтуынша, депутаттың негізсіз айып тағуы, әріптестерін немесе басқа азаматтарды қорлайтын, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөздер айтуы депутаттық әдеп нормаларын бұзу болып саналады.

Сондай-ақ депутат өз сөздерінде, мәлімдемелерінде және бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында тек тексерілген әрі шынайы ақпаратты ұсынуы тиіс. Дәлелденбеген деректерді жариялау да әдеп талаптарын бұзу ретінде қаралуы мүмкін.

Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес осындай фактілер бойынша түскен өтініштерді қарап, тиісті шешім қабылдайды. Кеңестің нақты құрамы мен төрағасы Бюро шешімімен бекітіледі.

Кеңес құрамына барлық партиялардың өкілдері мен тұрақты комитет төрағаларының кіруі ұсынылады. Бұл депутаттарға қатысты өтініштерді жан-жақты әрі объективті қарауға мүмкіндік береді.

«Депутатқа қойылатын әдеп талаптары оның қай жерде жүргеніне қарамастан сақталуы тиіс. Ол жұмыс орнында болсын немесе қызметтен тыс жерде болсын, депутат мәртебесіне сәйкес мінез-құлық талаптарын ұстануы керек», – деді ол.

Бүгін отырыста Құрылтай жаңа регламентін қабылдаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз