Ерлан Сайыр амандасу әдебін мектеп тәрбиесіне енгізуді ұсынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин,

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр амандасу мәдениетін ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынды. Ол мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементіне айналдырып, ұлттық әдеп нормаларын білім беру жүйесіне енгізу қажет екенін айтты.

Депутаттың пікірінше, амандасу мәдениеті – қазақ қоғамының ұлттық болмысын айқындайтын қарапайым әрі маңызды құндылықтардың бірі.

«Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан көрінеді»

Ерлан Сайыр мәдениетті тек концерт, театр немесе музеймен шектеуге болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет адамның күнделікті жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан және қоғамдағы әдебінен көрінеді.

«Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты», – деді депутат.

Осы тұрғыдан алғанда, амандасу әдебі ұлттық бірегейліктің күнделікті өмірде көрінетін маңызды элементі саналады.

Амандасу – ұлттық мәдениеттің бір бөлігі

Депутат жаһандану жағдайында әр халықтың өзіндік амандасу мәдениетін сақтау ұлттық ерекшелікті сақтаудың бір тетігі екенін айтты. Оның сөзінше, әлем халықтарының сәлемдесу рәсімдерінен олардың ұлттық болмысын да аңғаруға болады.

«Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық», – деді Ерлан Сайыр.

Ол амандасуды мәдени кодтың қарапайым болғанымен, терең мағынасы бар белгілерінің бірі деп бағалады.

Амандасу әдебін мектепте қалыптастыру ұсынылды

Депутаттың пайымынша, ұлттық мәдениет үлкен ұрандардан емес, адамның күнделікті әдетінен басталады. Сондықтан амандасу мәдениетін бір реттік акция немесе жекелеген тәрбие шарасы ретінде емес, жүйелі түрде қалыптастыру қажет.

Осыған байланысты Ерлан Сайыр бірнеше ұсыныс айтты. Атап айтқанда, амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың әдістемелік ұсынымдарын әзірлеу ұсынылды.

Сонымен қатар мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізу қажеттігі айтылды.

Депутат бұл бағытта сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-аналармен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және білім беру ұйымындағы күнделікті мәдени орта пайдаланылуы керек деп санайды.

Ұлттық әдеп нормаларын білім беру жүйесіне енгізу ұсынылды

Сондай-ақ мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу ұсынылды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев бір-бірін сүйіп амандасатындарды сынға алды.

Сондай-ақ оқыңыз