LRT Астанадағы пәтер бағасына қалай әсер етеді – Ұлттық банк зерттеуі

Жарияланды 10 Қыркүйек 2026 09:41

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Астанчанам назвали точную дату открытия LRT
LRT, Астана қаласы / фото: Kursiv Media

Астанада LRT іске қосылғаннан кейін оның маңындағы баспана қымбаттады ма? Ұлттық банк елордадағы тұрғын үй бағасына әсер ететін факторларды зерттеп, LRT-ның ықпалын да жеке қарастырған. Талдау 9 қыркүйекте жарияланған ақша-кредит саясаты туралы жаңа баяндамаға енгізілді.

Пәтер бағасына орналасқан жері қатты әсер етеді

Ұлттық банк зерттеуіне қарағанда, Астанада пәтердің бағасы тек ауданына немесе үйдің жағдайына байланысты емес. Оның Есілдің қай жағалауында орналасқаны, саябақтарға, сауда орталықтарына және жағалауға қаншалықты жақын екені де маңызды.

Мәселен, басқа сипаттамалары бірдей болған жағдайда Есілдің сол жағалауындағы пәтердің бір шаршы метрі 11,3%-ға қымбат болуы мүмкін. Ал саябаққа жақын орналасу бағаны шамамен 10,5%-ға көтереді.

Үйдің өз ерекшеліктері де есепке алынған. Төбенің биіктігі, ғимараттың монолитті болуы, үйдің пайдалануға берілетін мерзімі секілді факторлар бағаға әсер етеді.

LRT маңындағы үйлер қымбаттай ма?

Ұлттық банктің пайымдауынша, көлік инфрақұрылымының дамуы тұрғындардың қала ішінде жүріп-тұруын жеңілдетеді және әдетте баспана құнына оң әсер етеді.

Бұған Алматыдағы метро мысал бола алады. Зерттеуде метро станциясынан 2 шақырым радиуста орналасқан пәтерлердің бір шаршы метрі шамамен 6,2%-ға қымбат екені анықталған.

Сондықтан Астанада LRT станцияларына жақын үйлерде де осындай әсер болуы мүмкін. Бірақ мұнда маңызды бір жайт бар: Ұлттық банк LRT пәтерлерді қазірдің өзінде нақты бір пайызға қымбаттатты деген қорытынды жасаған жоқ.

LRT-ның нақты әсерін анықтау үшін желі іске қосылғанға дейінгі және іске қосылғаннан кейінгі бағаларды салыстыру қажет. Ұлттық банк мұны алдағы зерттеулер үшін қызықты бағыт ретінде атап отыр.

Неге LRT баспана бағасына әсер етуі мүмкін?

Қарапайым тілмен айтқанда, мәселе – көлік қолжетімділігінде. Егер тұрғын үйден LRT станциясына тез жететін болса, адамның жұмысқа, орталыққа немесе басқа ауданға баруына кететін уақыты қысқарады. Бұл сол маңдағы баспанаға сұранысты арттыруы мүмкін.

Алайда баға тек LRT-ға байланысты емес. Ұлттық банктің өзі зерттеудің бірқатар шектеуі барын ескертеді: онда үйдің ішкі әрлеуі, техникалық жағдайы, терезеден көрініс, шу деңгейі, мектеп, балабақша және аурухана сияқты әлеуметтік инфрақұрылымның барлығы толық есепке алынбаған.

Сондықтан әзірге «LRT Астанадағы пәтерлерді пәлен пайызға қымбаттатты» деуге ерте. Оның нақты әсері желі толық жұмыс істеп, оған дейінгі және кейінгі тұрғын үй бағасы салыстырылған кезде анық көрінеді.

Сондай-ақ оқыңыз