Норвегия король Харальдты ақтық сапарға шығарып салды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Корольді жерлеу рәсімі / фото: EPA/Shutterstock

Норвегия астанасы Ослода 89 жастағы король Харальд V-мен қоштасу рәсімі өтті. Жерлеу рәсіміне Еуропадағы патша әулеттерінің өкілдері мен мемлекет басшылары қатысты деп хабарлайды Kursiv Media BBC-ге сілтеме жасап.

Қоштасу рәсімі Осло кафедралды шіркеуінде өтті. Король Харальдпен қоштасу үшін келген қонақтар арасында Нидерланд ханшайымы Беатрикс пен оның немересі, тақ мұрагері Катарина-Амалия болды. Швеция королі Карл XVI Густав пен патшайым Сильвия да қатысты. Харальдтың өкіл қызы саналатын Швеция тақ мұрагері Виктория қаралы рәсімде Ассизилік Әулие Францисктің дұғасын оқыды. Ол Харальдты «көкем» деп атап, үлгі тұтқанын айтты.

Жерлеу рәсімінде Германия атынан президент Франк-Вальтер Штайнмайер келді. Ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен қатар жүрді. Сонымен қатар Финляндия, Литва, Молдова, Чехия және басқа да елдердің басшылары болды

Жерлеу рәсіміне келген Уильям ханзада / фото: Getty Images
Осло көшелеріндегі салтанатты шеру /фото: EPA/ Shutterstock

Корольдің денесі 700 жылдан бері тұрған қамалдағы патша қабіріне қойылды. Мұнда оның әкесі, король Олав V, атасы король Хокон VII және олардың жұбайлары жерленген. Марқұм корольдің құрметіне Осло үстінен Норвегия Әскери-әуе күштерінің төрт F-35 ұшағы ұшып өтті.

Жерлеу күні Осло мен Норвегияның басқа қалаларының көшелерінде марқұм патшаның портреттері қойылды. Харальд V елді 35 жыл басқарды және Норвегия тұрғындары арасында өте танымал болған еді.

Норвегияның жаңа королі Хокон – марқұм Харальдтың інісі. Оның жұбайы, патшайым Метте-Марит те, жесір патшайым Соня да қарапайым отбасынан шыққан. Жақында Метте-Марит сотталған педофил, марқұм Джеффри Эпштейнмен достығы үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Бұған дейін Тоқаев Норвегияның жаңа Королі VIII Хоконға көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз