Қарызды еселеп қайтарады: депутат заңсыз несие берушілер қаптап кетті деп дабыл қақты

Құрылтайдың «Ақ жол» фракциясының депутаттары елде қарызды пайызға заңсыз беретіндердің тым көбейіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Құрылтай депутаты Юрий Ли осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады.
Рұқсатнамасы мен лицензиясы жоқ мұндай ұйымдар халыққа шарықтаған пайызбен ақша беріп, заңда белгіленген шектен бірнеше есе асып түсетін айыппұлдар салады.
Ли депутаттық сауалында мысалға «Alem Credit» онлайн-платформасын келтіреді. Бұл ұйым микроқаржылық қызмет көрсетуге еш лицензиясы болмаса да, ондаған сайт арқылы тұрғындарға заңсыз несие үлестіріп келген.
Тіпті 50 мың теңге несие мақұлдап, борышкерге 32 мың теңге ғана аударып, кейін 752 мың теңге қайтаруды талап еткен жайт тіркелген. Бұл алынған сомадан шамамен 23 есе көп.
Дропперлерге аударып отырған
Ұйым несие бергенде азаматтардың биометриялық деректерін заңсыз жинап, ақшаны жеке тұлғалардың (дропперлердің) картасы мен жасырын криптовалюта инфрақұрылымы арқылы аударып отырған.
Ал төлем кешіктірілген жағдайда заңсыз несие берушілер психологиялық қысым жасайды.
Осы платформаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, оның агрессивті жарнамасы тоқтамай, жаңа сайттары қаптап жатыр.
Осыған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Alem Credit» қызметінен мәмілені жасыру белгілерін көріп, материалдарды Бас прокуратураға, ІІМ мен Қаржылық мониторинг агенттігіне жолдаған еді.
Алайда азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған шағымдары қайтадан Агенттікке қайтарылып, заңсыз жүйе әлі де кедергісіз жұмыс істеп тұр.
Сарапшылар мұндай заңсыз нарықтың белең алуын банктердің кредит беруінің күшеюі және халықтың нақты кірісінің төмендеуімен байланыстырады. Депутаттар бұл жағдайды жеке дау емес, заңсыз қаржылық қызметтің жүйелі қаупі деп бағалап, тиісті құзырлы органдардан жағдайды қатаң бақылауға алуды сұрады.