Тасжолда апаттық жағдай тудырмас үшін қалай тоқтаған дұрыс – «ҚазАвтоЖол» ескертуі

«ҚазАвтоЖол» Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында тоқтаған көлік апаттық жағдай тудырғанын хабарлап, жүргізушілерге ескерту жасады.
Компанияның ескертуінше, бұл қайғылы жағдайға ұрындыра жаздаған.
Республикалық маңызы бар Астана – Қарағанды – Алматы автомобиль жолында болған жол-көлік оқиғасының сәті жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камераларына жазылған.
«Бейнежазбадан жүк көлігі төмен жылдамдықпен қозғалып келе жатып, жолдың жүру бөлігінде тоқтағанын көруге болады. Алайда көліктің апаттық жарық белгісі қосылмаған. Артынан келе жатқан жеңіл автокөлік жүк көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан жеңіл автокөлік жол жиегіне шығып кетіп, аударылған», – делінген хабарламада.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр. «ҚазАвтоЖол» тасжолда мәжбүрлі тоқтаған көлікті тиісті белгілермен белгілемеу өзге жүргізушілер үшін үлкен қауіп тудыратынын ескертеді.
«Мұндай жағдайда апаттық жарық белгісін дереу қосып, жол қозғалысы қағидаларына сәйкес апаттық тоқтау белгісін орнату қажет. Сонымен қатар жүргізушілер қауіпсіз арақашықтықты сақтап, алда қалыптасқан жол жағдайын үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Жолда тоқтадыңыз ба – апаттық белгіні қосыңыз. Артыңыздағы жүргізуші сізді дер кезінде көруі керек», – делінген хабарламада.