Құрылтай ұлттық компаниялардың жұмысын қалай бақылайды – Үнзила Шапақ түсіндірді

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.kz

Құрылтайда министрлермен қатар квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компания басшыларының есебін тыңдауға мүмкіндік беретін бірнеше тетік қарастырылған. Бұл туралы депутат Үнзила Шапақ айтты, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Оның сөзінше, мұндай есептер ең алдымен бюджеттің атқарылуын қарау кезінде тыңдалады. Осы кезде тиісті министрлермен қатар, квазимемлекеттік және ұлттық компаниялардың басшылары да депутаттардың сұрақтарына жауап бере алады.

«Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы жылына екі рет есеп береді. Оның бірі – мемлекеттік бюджеттің атқарылуына, екіншісі – нақты бағыттар бойынша жүргізілген аудит нәтижелеріне арналған. Мысалы, ұлттық компаниялардың қаражатын пайдалану тиімділігі немесе квазимемлекеттік сектор жұмысының нәтижелілігі қаралуы мүмкін», – деді Үнзила Шапақ Құрылтайда өткен брифингте.

«Самұрық-Қазына» қоры сияқты ұлттық компаниялардың басшылары да осындай мәселелер бойынша Құрылтайға шақырылуы ықтимал.

Бұдан бөлек, Конституциялық заңға сәйкес, Құрылтай Үкімет мүшесінің қызметі туралы есебін тыңдауға құқылы. Қажет болған жағдайда есеп нәтижесі бойынша конституциялық жауапкершілік мәселесі де қаралуы мүмкін.

Үнзила Шапақтың айтуынша, осы рәсімдердің барлығы Құрылтайдың жаңа Регламентінде нақты көзделген. Депутаттар есеп берушілерге қосымша сұрақтар қоя алады.

Сондай-ақ оқыңыз