Салық реформасы бюджет кірісін айтарлықтай арттыра алмады: бас банк неден қауіптенеді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Салық реформасының бюджетке әсері қандай / Фото: ЖИ-мен жасалған

Қазақстанда қолға алынған салық реформасы әзірге ел бюджетінің жағдайын айтарлықтай жақсарта алмай отыр. Қайта қазынадағы қаржы тапшылығы мен мемлекеттік қарызды өтеу шығындары өсе түскен. Ал салық түсімдерінің жиынтық ішкі өнімге (ЖІӨ) қатысты үлесі тым мардымсыз өсті.

Ұлттық банктің тамыз айындағы ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында осы мәселеге кеңінен тоқталып, реформаның бастапқы кезеңінде қазынаны толтыру әлеуеті өте шектеулі болып отырғанын атап өтті. Өз кезегінде мемлекеттік шығыстардың ішкі сұранысқа тигізер қысымы азаймай тұр.

Бюджет тапшылығы мен алынған қарыз салмағы

2026 жылдың І жарты жылында, ел бюджетінің тапшылығы ЖІӨ-нің 3,2%-ына дейін өсті. Бұл белгіленген 2% деңгейіндегі нысаналы межеден едәуір жоғары.

Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыстары номиналды түрде 11,7%-ға көбейгенімен, олардың экономикадағы үлесі 2025 жылғы 24,7%-дан 2026 жылы 23,5%-ға дейін төмендеді.

Мемлекет тарапынан шығындарды мейлінше үнемдеуге жасалған әрекеттер мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарының артуына байланысты өз нәтижесін бере алар емес. Қарызды өтеуге кететін қаражат бюджет аясында басқа да маңызды салаларды қаржыландыру мүмкіндігін тарылтып отыр.

Салықтан түскен өсім қандай?

Алты ай ішінде салық түсімдері нақты мәнде 5,7%-ға өсті. Бұл өсім, негізінен, қосылған құн салығы (ҚҚС) мен пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың артқандығынан байқалады.

Дегенмен ел экономикасының ауқымымен салыстырғанда салықтың жалпы үлесі айтарлықтай өзгермеді: бұл көрсеткіш 17,5%-дан 17,7%-ға дейін ғана өсті (бар болғаны 0,2% қосылды).

«Алайда экономика көлеміне қатысты салық түсімдерінің жалпы өсімі шектеулі болып отыр. Атап айтқанда, салық түсімдерінің ЖІӨ-ге қатынасы 17,5%-дан 17,7%-ға дейін ғана өсті», – делінген бас банк баяндамасында.

Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру және салық базасын кеңейту әзірге республикалық бюджетті толыққанды толтыруға септігін тигізе алмаған.

Бұған дейін «Qazaq Expert Club» эксперті, салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова да салық өскенімен, республикалық бюджеттегі қаржы тапшылығы жойылмағанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз