Тоқаев Елена Рыбакинаны тарихи жетістігімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны WTA рейтингінде көш бастап, «Әлемнің бірінші ракеткасы» атануымен арнайы құттықтады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Президент өз құттықтауында спортшының айрықша таланты мен тынымсыз еңбегін, сондай-ақ өзіне деген нық сенімін ерекше атап өтті.
«Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге», – делінген мемлекет басшысының жеделхатында.
Сөз соңында мемлекет басшысы чемпионға асулардан таймай, әлемдік аренада жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
Еске сала кетейік, Елена Рыбакина US Open турнирінің ширек финалында қытайлық Чжэнді жеңіп, әлемнің бірінші ракеткасы атанды.