«Треш-стриминг» үшін жауапкершілік күшейтілуі мүмкін: депутат Үкіметке ұсыныс жасады

Қазақстанда тікелей эфир кезінде қорлау, балағаттау, қауіпті пранктер мен әдейі арандатушы әрекеттер көрсететін стримерлерге жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Бұл мәселені Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып барады. Кейбір стримерлер көп қаралым жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, адамдарды қорлайды немесе қоғамға жат әрекеттер көрсетеді. Мұндай контент кейін лайк, донат және жарнама арқылы табыс көзіне айналуы мүмкін.
«Заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр. Ол цифрлық кеңістікте де «Заң мен тәртіп» қағидатына да қайшы. Сөз бостандығын шектеу деп емес, еркіндік пен жауапкершіліктің нақты шекарасын белгілеу керек»,– деді депутат.
Сауалда депутат Қытайда пранк ұйымдастырып, Қазақстанның абыройына нұқсан келтірген қазақстандықтың жауапкершілікке тартылғанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропалық Одақта да цифрлық платформалардағы заңсыз контент пен жарнаманың ашықтығына қатысты талаптар күшейтілген.
Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы Үкіметтен «треш-стриминг» ұғымын заңнамада нақтылауды және зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді сұрады.
Сонымен қатар депутат TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы эфирлерді жедел анықтау және бұғаттау тетігін енгізуді, азаматтарды келісімінсіз эфирге шығару мен олардың ар-намысына нұқсан келтіруден қорғайтын механизмдерді күшейтуді ұсынды.
Депутаттың пікірінше, әлеуметтік желілердегі заңсыз контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе де қажет.