ҰБ: Қазақстан экономикасын мұнай емес, құрылыс пен сауда сүйреп жатыр

Жарияланды 10 Қыркүйек 2026 10:29

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Құрылыс саласы қарқынды дамуда/ фото: ЖИ

2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан экономикасы 4,1% өсті. Алайда бұл жолы өсімнің негізгі көзі мұнай болған жоқ. Ұлттық банктің есебіне қарағанда, экономикалық өсімнің басым бөлігі мұнайға жатпайтын салалардың есебінен қалыптасқан.

Тіпті тау-кен өндірісін есептемегенде, Қазақстан экономикасының өсімі 5,3%-ға жеткен. Яғни мұнайдан тыс экономика жалпы ЖІӨ-ден де жылдамырақ өсіп отыр.

Өсімге қай салалар көбірек үлес қосты?

Ұлттық банктің ЖІӨ өсімін салалар бойынша бөлген графигінен 2026 жылдың бірінші жартысында экономиканың құрылымы біршама өзгергенін көруге болады. Бұған дейін өсімге айтарлықтай үлес қосқан тау-кен өндірісінің әсері әлсіреп, оның орнын басқа салалар толтырған.

Соның ішінде құрылыс экономикалық өсімнің маңызды қозғаушы күштерінің біріне айналды. Бұл тек тұрғын үй құрылысына байланысты емес. Елде көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр. Мұндай жобалар құрылыс саласының өзін ғана емес, оған қажетті тауарлар мен қызметтер өндірісін де ынталандырады.

Мәселен, құрылыс көлемінің артуы цемент, темірбетон бұйымдары, құрылыс ерітінділері мен басқа материалдарға сұранысты көбейткен. Осылайша бір саладағы инвестиция экономиканың басқа бөліктеріне де таралып отыр.

Өңдеу өнеркәсібіне автомобиль өндірісі көмектесті

Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика сақталған. Ұлттық банк жеңіл автомобиль өндірісінің ұлғаюын ерекше атап өтеді. Бұған қоса жүк және ауыл шаруашылығы техникасы мен теміржол вагондарының өндірісі өсімге қолдау көрсеткен.

Азық-түлік, химия және фармацевтика өндірісінде, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпте де өсім байқалған.

Ауыл шаруашылығында мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі артқан. Егістік алқаптарының сұраныс жоғары дақылдарға қарай өзгеруі мен өнімділіктің сақталуы да секторға оң әсер еткен.

Сауда мен ішкі сұраныс та экономиканы қолдап отыр

Экономиканың тағы бір тірегі — ішкі сұраныс. Халықтың тұтынуы мен инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде қалып отыр. Ұлттық банк бөлшек сауда мен қызмет көрсету саласындағы көрсеткіштер тұтынушылық сұраныстың сақталғанын көрсететінін атап өтеді.

Қаңтар–шілдеде бөлшек сауда нақты мәнде 4,1% өскен. Әсіресе азық-түлік емес тауарларға сұраныс күшейген. Ұлттық банк мұны тұрғын үй нарығындағы белсенділікпен де байланыстырады: пәтер сатып алған адамдар жиһазға, тұрмыстық техникаға және ұзақ пайдаланылатын басқа тауарларға да ақша жұмсайды.

Көлік және қоймалау саласы да өсімге үлес қосып отыр. Құбыр арқылы тасымалдау көлемі азайғанымен, басқа көлік қызметтері мен көтерме саудадағы белсенділік экономиканың мұнайдан тыс бөлігін қолдаған.

Ал мұнайға не болды?

Жыл басында мұнай секторы өндірістік шектеулерге тап болды. Кейін мұнай өндіру қалпына келе бастағанымен, экспорттық инфрақұрылымның жұмысына байланысты тәуекелдер сақталған. Сондықтан тау-кен өндірісінің экономикалық өсімге қосқан үлесі бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда әлсіреді.

Бірақ дәл осы жағдай Қазақстан экономикасындағы басқа салалардың рөлін айқынырақ көрсетті. Жалпы ЖІӨ 4,1% өссе, тау-кен өндірісін алып тастағандағы өсім шамамен 5,3% болды.

Бұл Қазақстан мұнайға тәуелділіктен толық арылды дегенді білдірмейді. Мұнай әлі де экспортқа, бюджет кірісіне және елге түсетін валюта көлеміне үлкен әсер етеді. Алайда 2026 жылдың алғашқы алты айындағы деректер нақты экономикалық өсімнің негізгі бөлігі мұнайдан тыс секторларда қалыптасқанын көрсетіп отыр.

Тағы да оқыңыз →
Қазақстан экономикасы құрылыс саласының есебінен өсіп жатыр
Сондай-ақ оқыңыз