VPN арқылы айналып өтсе ше – депутат балаларды интернетте шектеу жайлы айтты

Жарияланды
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Бүгін Құрылтай отырысында депутат Жанарбек Әшімжан 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуын шектеу мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдағанын жазғанбыз. Кursiv.Media тілшісі депутатқа бірқатар ілеспе сұрақ қойып, эксклюзив жауап алды.

«Әлеуметтік желіні шектеген Аустралия тәжірибесі көрсеткендей, балалар VPN арқылы немесе жасын өтірік көрсетіп бұғаттауды оңай айналып өтеді. Осыны ескерсек, шектеу қаншалықты көмектесуі мүмкін?» деген сауалымызға депутат қазір мәселе талқыланып жатқанын айтты.

«Біз қазір бұл мәселені жан-жақты талқылап жатырмыз. Сіздің айтып отырған күмәніңіз орынды. Біз енді негізінен нақты қатаң заң нормаларын қалыптастырамыз. Жұмыс тобында бұл мәселе жан-жақты қаралады. Жақсы заң қабылданғанымен, мәселе тек заңмен шектелмейді. Оны тиісті өкілетті органдар да жүзеге асырады. Әсіресе, бұл біздің Цифрлық даму министрлігіне қатысты. Сонымен қатар Ақпарат министрлігіне де белгілі бір деңгейде жанама түрде тиісті жұмыстарды атқару қажет», – деді Жанарбек Әшімжан.

Айтуынша, салада бойынша өзімізде білім алған, халықаралық тәжірибесі бар жетекші мамандармен келісіп жұмыс істеу маңызды.

«Өкілетті органдардың, әсіресе олардың ұстанымы маңызды. Тұтастай алғанда, жұмыс тобы айқындалады. Қазір бізге «Масс-медиа туралы» заң жобасы келіп түсті. Енді алдағы уақытта, дүйсенбі күні заң жобасының тұсаукесерін жасаймыз. Одан әрі жұмыс тобымен, жұмыс тәртібімен жұмыс істейміз. Тұтастай алғанда, жас ұрпақтың, осы мәселеге қатысты барлық сұрақ-сауалдардың жауабын көрсетуге тырысамыз. Өзіміз бұған бір шешім табамыз деп ойлаймыз», – деді Жанарбек Әшімжан.

Ол атағандай, жекелеген, кәмелетке толмаған азаматтардың ақпаратына, жеке өзінің ақпаратына қатысты мәселелер де бар.

«Егер қайшылық келмесе, жекелеген тетіктер арқылы жүзеге асыратын бағыттар қарастырылуы мүмкін. Бірақ оның қаншалықты біздің заңнамаларға, Конституцияға сәйкес келетінін анықтау керек. Жалпы, дұрыс мәселе көтеріп отырсыздар. Бірақ біз заң аясында осының түпкілікті шешімін жасап шығамыз деп ойлаймын», – деді депутат.

«Масс-медиа туралы» заңға президент 2024 жылы қол қойған. Ал биыл наурыз айында сол кездегі премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заңға қайта өзгерістер енгізілетінін мәлімдеген.

Жоспарланған түзетулер азаматтардың ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Бұл пікір білдіру еркіндігі мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз