11 қыркүйектегі террорлық шабуылға 25 жыл: бір күн АҚШ пен әлемді қалай өзгертті

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
 11 қыркүйек, 2001 жыл. өртеніп жатқан мұнара / фото: David Karp

2001 жылғы 11 қыркүйекте болған терактіні бір күндік трагедия ретінде ғана қарастыру қиын. 25 жылдан кейін оның салдары әлі де адамдардың денсаулығынан, әуежайдағы тексеруден, АҚШ-тың сыртқы саясатынан, арнайы қызметтердің жұмысынан, мұсылмандарға деген көзқарастан, тіпті мектеп бағдарламасынан көрінеді.

Қызығы сол, адамзатты дүр сілкіндірген сол бір оқиғаның датасы қарсаңында шетелдік БАҚ «Америка 11 қыркүйектен қандай сабақ алды әрі соның қаншасын ұмытып үлгерді» деген сұраққа жауап іздейді Kursiv.Media осы бір тарихи оқиғаны талдап көрді.

Америка тарихындағы ең ауыр таңдардың бірі

2001 жылғы 11 қыркүйек таңында «Әл-Каидамен» байланысты 19 адам АҚШ-та төрт жолаушылар ұшағын басып алды. Екі ұшақ Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына соғылды. Үшіншісі Вашингтон маңындағы Пентагонға құлады. Төртінші ұшақ Пенсильванияда жерге құлағанға дейін оның жолаушылары ұшақты басып алғандарға қарсы әрекет етуге тырысты.

Алғашқы ұшақ Солтүстік мұнараға Нью-Йорк уақытымен 08:46-да соғылды. Сол таңнан кейін АҚШ мүлде басқа елге айналған еді. Терактілерден шамамен 3 мың адам қаза тапты, оның ішінде Нью-Йорк өрт сөндіру қызметінің 343 қызметкері бар. Reuters 25 жыл өткен соң осы оқиға адамдардың өміріне қалай әсер еткенін арнайы материалында қайта зерттеді.

Бірақ 11 қыркүйек құрбандарының санын тек сол күні қаза тапқандармен шектеу барған сайын қиындап барады.

«11 қыркүйектің» салдары әлі де үлкен

Биылғы атаулы дата қарсаңындағы ең ауыр материалдардың бірі денсаулық тақырыбына арналды.

Қос мұнара құлаған кезде Манхэттенді бетон, шыны, металл, пластик, қасбест және басқа заттар араласқан қалың шаң басқан. Өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, құрылысшылар мен еріктілер бірнеше ай бойы сол жерде жұмыс істеді.

11 қыркүйек теракті кезінде өртеніп жатқан Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасы / фото: NYT

Қазір АҚШ-тың World Trade Center Health Program бағдарламасы 11 қыркүйек аймағында болған 150 мыңнан астам құтқарушы мен тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша бағдарламада Дүниежүзілік сауда орталығына байланысты шамамен 85 мың ауру жағдайы тіркелген. Соның шамамен 30%-ы қатерлі ісікке қатысты. Бағдарлама бақылауындағы 9 мыңнан астам адам осы 25 жыл ішінде қайтыс болған, бірақ дәрігерлер олардың әрқайсысының өлімін тікелей 11 қыркүйекпен байланыстыру мүмкін емес екенін ескертеді. Бұл деректерді Reuters жаңа зерттеуінде келтіреді.

The Washington Post зерттеуі бұдан да алаңдатарлық өзгерісті көрсетеді. Басылымның есебінше, 2021 жылғы маусымда қатерлі ісікке байланысты көмек алып жүрген 11 қыркүйек оқиғасынан аман қалғандардың саны 8,9 мың шамасында болса, 2026 жылы ол 27,3 мың адамға дейін өскен. Яғни бес жылдың ішінде шамамен үш есеге артқан.

Бұл жерде уақыт маңызды. Қатерлі ісіктің кейбір түрлері улы заттың әсерінен кейін ондаған жыл өткен соң ғана анықталуы мүмкін. Сондықтан 11 қыркүйектің медициналық салдары 25 жылдықта аяқталып жатқан жоқ, керісінше, жаңа кезеңге өтіп жатқан болуы мүмкін.

Осы аптада Нью-Йорк билігі тағы бір даулы мәселені қайта көтерді. Қала әкімдігі 11 қыркүйектен кейінгі ауа сапасына қатысты 170 мың беттен астам құжатты жариялады. Axios-тың жазуынша, олардың бір бөлігінде билік өкілдеріне Ground Zero маңындағы ауа қауіпсіз емес екені белгілі болған болуы мүмкін деген тұспал айтылады. Сол уақытта тұрғындарға ауданға оралуға болады деген мәлімдемелер жасалған еді.

Сөйтіп, 25 жылдан кейін 11 қыркүйек тарихының жаңа тарауы ашылып отыр: сол күні кім қаза тапты деген сұрақпен қатар, кейін кім ауырды және оның алдын алуға болар ма еді деген сұрақ та қойыла бастады.

Үлкен статистиканы адамдардың жеке тағдыры арқылы көрсету

Reuters материалында үлкен статистиканы адамдардың жеке тағдыры арқылы көрсеткен.

Скотт Ларсен 2001 жылы төрт жаста еді. Оның 35 жастағы әкесі – Нью-Йорк өрт сөндірушісі Скотт Ларсен Дүниежүзілік сауда орталығы құлаған кезде қаза тапты.

Арада жылдар өткен соң ұлы да өрт сөндіруші атанды. Оның үстіне дәл әкесі қызмет еткен Куинстегі бөлімге орналасқан.

Бұл бір ғана отбасының тарихы емес. Reuters келтірген Халықаралық өрт сөндірушілер қауымдастығының дерегіне қарағанда, 11 қыркүйекте қаза тапқан FDNY қызметкерлерінің 58 баласы кейін Нью-Йорктің өрт сөндіру қызметіне жұмысқа кірген.

Скоттың туған інісі 2001 жылғы 13 қыркүйекте әкесі қаза тапқаннан екі күннен кейін дүниеге келген. Қазір ол да өрт сөндіруші болу үшін емтихан тапсырған. Отбасындағы үшінші буын осы мамандықты жалғастырып жатыр.

AP тағы бір осындай символдық оқиғаны тапқан. Дүниежүзілік сауда орталығына ең жақын орналасқан Ten House өрт сөндіру бөлімінің 2001 жылғы құрамынан бүгінде қызметте қалған жалғыз адам – 65 жастағы Сал Аргано. 11 қыркүйек күні оны уақытша басқа бөлімге жібергендіктен ғана аман қалған. Оның алты әріптесі қаза тапты. Қазір бөлімше бір жағынан жұмыс істеп тұрған өрт сөндіру станциясы болса, екінші жағынан тірі мемориалға айналған.

Әуежайдағы қорғаныс жоғары деңгейге жетті

Қазіргі ұшақ жолаушысы үшін паспорт көрсету, қол жүгін сканерден өткізу, сұйықтық көлеміне шектеу қою немесе бөтен адамның ұшақ қақпасына еркін кіре алмауы қалыпты нәрсе.

2001 жылға дейін АҚШ әуежайларында жағдай басқаша болатын.

AP-дің шолуында 11 қыркүйекке дейін әуежай тексерулерін көбіне авиакомпаниялар жалдаған жеке компаниялар жүргізгені айтылады. Жолаушы емес адамдар да гейтке дейін барып, туысын немесе досын шығарып сала алатын. Кабина есіктері бүгінгідей күшейтілмеген еді.

Терактіден кейін екі ай өткен соң, АҚШ-та Transportation Security Administration – TSA құрылды. Әуежай қауіпсіздігін бақылау федералдық үкіметке өтті. Пышақ пен өткір заттарды алып кіруге тыйым салынды, тіркелген багажды тексеру күшейді, пилот кабинасының есіктері өзгертілді.

Кейінгі жылдары болған әрекеттер қауіпсіздік жүйесін тағы өзгертті: аяқкиімге жасырылған жарылғыш зат әрекетінен кейін аяқкиімді шешіп тексеру, сұйық жарылғыш заттар жоспары анықталғаннан кейін сұйықтық көлемін шектеу енгізілді.

2026 жылы жүйе тағы өзгеріп жатыр. Кейбір америкалық әуежайларда адамның құжатын қолмен тексерудің орнына бет-әлпетін танитын биометриялық қақпалар қолданылуда. CBS New York бұл өзгерісті 25 жылдық қарсаңында қарастырды.

Яғни бүгін әуежайда жоғалтатын қосымша 15-30 минуттың бір бөлігі – 2001 жылғы 11 қыркүйектің тікелей салдары.

Бірақ қауіпсіздік күшейген сайын жеке өмір азайды

11 қыркүйектен кейін АҚШ тек әуежайларды өзгерткен жоқ. Арнайы қызметтердің өкілеттігі кеңейді, Department of Homeland Security құрылды, электронды бақылау күшейді.

Мұнда 25 жылдан кейін қоғамның қызық көзқарасы қалыптасқан.

Reuters/Ipsos сауалнамасында америкалықтардың басым бөлігі әуежайдағы күшейтілген қауіпсіздік шараларын қолдайды: демократтардың 71%-ы және республикашылардың 75%-ы мұндай қолайсыздықты қауіпсіздік үшін төлеуге болатын баға деп есептейді.

Бірақ электронды бақылауға көзқарас мүлде бөлек. Сауалнамаға қатысқандардың 65%-ы арнайы қызметтер АҚШ азаматтарының электронды байланысын сот санкциясынсыз бақылауына қарсы екенін айтқан.

CBS/YouGov сауалнамасы да осы қайшылықты көрсетеді: америкалықтар 2001 жылмен салыстырғанда елде қауіпсіздік көп, бірақ құпиялық аз деп есептейді.

11 қыркүйектен кейінгі Американың басты дилеммаларының бірі осылай қалыптасты: қауіпсіз болу үшін мемлекетке қанша еркіндік беруге болады?

25 жыл бұрын жау сырттан келді. Қазір америкалықтар ішкі терроризмнен көбірек қорқады

Reuters/Ipsos-тың 25 жылдыққа арналған жаңа сауалнамасындағы ең қызық нәтиженің бірі осы.

Америкалықтардан қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігіне ең үлкен қауіп не деп сұрағанда, 33%-ы ішкі терроризмді, 20%-ы шетелдік терроризмді, ал 42%-ы жаппай атыс сияқты кездейсоқ зорлық-зомбылықты атаған.

Ал идеологияға негізделген шабуылдарды жеке салыстырғанда айырмашылық одан да үлкен: респонденттердің 61%-ы АҚШ ішіндегі экстремистерді, 34%-ы шетелден шығатын қауіптерді маңыздырақ деп есептейді.

2013 жылы жағдай керісінше болған: шетелдік терроризмді басты қауіп санағандар ішкі терроризмнен қауіптенгендерден көп еді.

Бұл 25 жыл ішінде терроризм ұғымының өзі өзгергенін көрсетеді. 2001 жылы Американың қорқынышы шетелде орналасқан, иерархиясы бар үлкен ұйымдарға бағытталса, қазіргі қауіптің бір бөлігі ел ішінде, интернетте және кейде ұйымдасқан құрылымсыз пайда болады.

11 қыркүйектен кейін АҚШ соғысқа кірді. 25 жылдан соң Талибан қайта билікте

25 жылдан соң Талибан қайта билікте

Терактіден кейін АҚШ «терроризмге қарсы соғыс» жариялап, Ауғанстанға кірді. Кейін Ирактағы соғыс басталды. 11 қыркүйек Американың сыртқы саясатын ондаған жылға анықтап берді.

Reuters 25 жылдық материалында 11 қыркүйектен кейін басталған соғыстарда ең алдымен Ирак пен Ауғанстанда 900 мыңнан астам адам қаза тапқанын келтіреді.

Ал тарихтың ең күрделі тұстарының бірі – 25 жылдық кезінде Ауғанстанды қайтадан Талибан басқарып отыр.

АҚШ-тың Ауғанстандағы соғысы 20 жылға созылды. Америка әскері кеткеннен кейін Талибан 2021 жылы билікті қайта алды. CBS News 25 жылдық қарсаңында Кабулға барып, «Американың ең ұзақ соғысы басталғанына 25 жыл болды, бірақ бес жыл бұрын соғыс аяқталған соң Талибан қайта билікке келді» деген қайшылықты арнайы репортажға айналдырды.

Сондықтан 11 қыркүйектен кейінгі соғыстарды АҚШ-та бағалау да өзгерді.

Reuters/Ipsos сауалнамасында америкалықтардың 48%-ы Ауғанстандағы соғыс кеткен шығынға тұрмады деп есептеген, ал оған қарсы пікір білдіргендер – 21%. Иракқа қатысты да 51% соғысты ақтамаған, тек 21% қолдаған.

25 жылдан кейінгі көзқарас мынадай болып шығады: америкалықтардың көбі терроризмге қарсы қауіпсіздік шараларын қажет деп санайды, бірақ сол мақсатпен жүргізілген ұзақ соғыстардың нәтижесіне әлдеқайда күмәнмен қарайды.

11 қыркүйектен кейін тек қауіпсіздік емес, адамдарға деген көзқарас та өзгерді

Қауіпсіздіктен бұрын адамдарға деген көзқарас та өзгерді

Терактілерді ислам атын жамылған «Әл-Каида» экстремистері жасағаннан кейін АҚШ-та мұсылмандар мен Таяу Шығыс текті адамдарға қарсы күдік пен кемсіту күрт өсті.

CBS New York 25 жылдық қарсаңында Нью-Йорктің мұсылман және сикх қауымдастығымен сөйлескен. Бір маңызды факт: 11 қыркүйек терактілерінде Нью-Йорк аумағындағы 60-тан астам мұсылманның өзі қаза тапқан. Яғни олар да құрбан болды, бірақ кейін мұсылман қауымы тұтас бір топ ретінде күдік астында қалды.

CBS сұхбаттасқан имам Сафраз Баккус сол жылдары кей адамдар мұсылман екені білінбеуі үшін атын жасыруға, әйелдер хиджабын шешуге мәжбүр болғанын айтады.

Сикхтер де зардап шекті. Оларды сәлде мен сақалына қарап мұсылман деп қате қабылдап, кемсіткен жағдайлар болған. Қазіргі жас буынның бір бөлігі 2001 жылы тумағанына қарамастан интернеттегі исламофобиялық контент арқылы сол стереотиптерді кейіннен қабылдаған.

25 жылдыққа кино мен жаңа туындылар да шығып жатыр

11 қыркүйектің 25 жылдығы кино және медиа индустриясында да жеке толқын тудырды. Биыл АҚШ-та бірден бірнеше жаңа фильм мен деректі жоба жарыққа шығып жатыр. Олардың тақырыбы әртүрлі: бірі үйінді астынан аман қалған адамның тағдырын көрсетсе, екіншісі Нью-Йорктің қалай қайта тұрғызылғанын, енді бірі спорт пен мәдениеттің қоғамды қалыпқа келтірудегі рөлін баяндайды.

  • Angel in the Rubble: The Genelle Guzman Story. Бұл — биылғы 25 жылдыққа арналған сирек көркем фильмдердің бірі. Фильм Дүниежүзілік сауда орталығының үйіндісінен тірі шығарылған соңғы адам — Дженелл Гузманның шынайы оқиғасына негізделген. Ол Солтүстік мұнара құлағаннан кейін үйінді астында шамамен 27 сағат жатқан. Басты рөлді Шерри Шеперд сомдайды. Lifetime фильмді 12 қыркүйекте көрсетеді. Жоба Гузманның бұрын шыққан мемуарына негізделгенін Good Housekeeping те жазды, ал премьера күнін Lifetime ресми түрде растаған.
  • Tribeca 25. Роберт Де Ниро мен продюсер Джейн Розенталь 11 қыркүйектен кейін Манхэттеннің төменгі бөлігін қайта жандандыру үшін Tribeca кинофестивалін құрған еді. Жаңа деректі фильм дәл осы тарихты көрсетеді. Фильмде Де Ниродан бөлек Мартин Скорсезе, Bono, Брюс Спрингстин, Вупи Голдберг және басқа танымал тұлғалар сөйлейді. 11 қыркүйекте Netflix-те шығады.
  • Top of the World. CNN Films пен TIME Studios түсірген фильм 107-қабаттағы әйгілі Windows on the World мейрамханасы туралы. 11 қыркүйек күні онда жұмыс істеген 79 қызметкер мен 91 қонақтың барлығы қаза тапқан. Фильм тек трагедияны емес, мейрамхананың иммигранттар үшін жұмыс пен мүмкіндік берген ерекше орта болғанын көрсетеді. Жоба Нью-Йоркте кинотеатрда көрсетіліп, 7 қыркүйекте CNN эфиріне шықты, 8 қыркүйектен стримингте қолжетімді.
  • 9/11: Reunited. Disney+ үшін түсірілген үш бөлімді деректі сериалдың форматы қызық. Авторлар 2001 жылы бір-біріне көмектескен, бірақ содан кейін 25 жыл бойы кездеспеген адамдарды қайта табыстырады. Біреу өзін құтқарған адамға алғыс айтқысы келеді, енді бірі ширек ғасыр бойы жауапсыз қалған сұрағын қояды. Сериал 9/11 Memorial & Museum-мен бірге жасалған.
  • Turning Point: Generation 9/11. Netflix-тің жаңа деректі фильмі оқиғаның өзінен гөрі 11 қыркүйек қалыптастырған буынға қарайды. АҚШ-тағы соғыстар, саясат, қауіпсіздік, қоғам және 2001 жылдан кейін есейген адамдардың дүниетанымы зерттеледі. Netflix оны 25 жылдан кейінгі 11 қыркүйектің салдарын талдайтын деректі жоба ретінде ұсынып отыр.
  • 9/11: United We Stand – 25 Years Later. Бұл жоба терактінің өзін емес, АҚШ қоғамының одан кейін қалай ес жиғанын көрсетеді. Спорт, музыка, теледидар мен мәдениет адамдарды қайта біріктіруге қалай көмектесті деген тақырып қозғалады. Жүргізушісі – Майкл Страхан. Жобада әкесі, өрт сөндіруші Скотт Дэвидсон 11 қыркүйекте қаза тапқан комик Пит Дэвидсонның оқиғасы да айтылады. Арнайы бағдарлама қазір Disney+ және Hulu-да бар.
  • When America Took the Field. MLB Network бүгін, 10 қыркүйекте, екі сағаттық жаңа деректі фильм көрсетеді. Ол 11 қыркүйектен кейін бейсболдың америкалықтарды қалыпты өмірге қайтарудағы рөлін баяндайды. Фильмге Майк Пьяцца, Джо Торре, Кен Гриффи кіші және басқа бейсбол жұлдыздары сұхбат берген.

Осының өзінен бір қызық үрдісті байқауға болады. 2001 жылдан кейінгі алғашқы фильмдерде негізінен шабуыл, ұшақтар, мұнаралар мен құтқару операциялары көрсетілсе, 2026 жылғы жобалар адамдардың 25 жыл бойы қалай өмір сүргеніне көбірек үңіледі.

Бұл да 11 қыркүйектің ұзақ көлеңкесі: терактіні жасаған 19 адамның қылмысы кейін миллиондаған адамның күнделікті өміріне әсер етті.

Сондай-ақ оқыңыз