Мүгедектігі бар азаматтарға қандай төлемдер қарастырылған

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі қарастырылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, азаматтың жағдайына қарай оған мемлекеттік жәрдемақы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем төленеді.
Сонымен бірге өндірістік жарақат не кәсіптік ауру салдарынан мүгедектік белгіленген жағдайда да сақтандыру төлемі берілуі мүмкін.
Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері белгіленген мүгедектік тобына байланысты анықталады. Төлемдерді Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы, eGov.kz порталы немесе проактивті форматта рәсімдеуге болады.
2026 жылы мүгедектік белгіленген азаматтарға ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мынадай мөлшерде төленеді: I топқа – 111 873 теңге, II топқа – 89 498 теңге, ал III топқа – 61 022 теңге беріледі.
Мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматқа жәрдемақы рәсімдеу туралы ұсыныс көрсетілген SMS хабарлама келуі мүмкін. Бұл жағдайда төлемді рәсімдеу үшін SMS хабарламаға жауап беріп, өз келісімін растау жеткілікті.
Оқи отырыңыз: Қызметкерлер жұмыстан қысқартылғанда оларға қанша өтемақы төленуге тиіс