Орталық Азиядағы ең биік ғимарат Abu Dhabi Plaza әліге дейін толық ашылмаған ба

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Орталық Азиядағы ең биік ғимарат: Абу Даби плазаның құрылысы толық бітті ме
Абу Даби Плаза/ фото: Аскар Ахметуллин

Кейінгі күндері желіде Астанадағы әрі Орталық Азиядағы ең биік ғимараттардың бірі – Abu Dhabi Plaza-ның құрылысына қатысты әңгімелер қозғала бастады. Қолданушылар кешен әлі күнге дейін толық аяқталмағанын, биік мұнара жұмыс істемей тұрғанын айтады.

Алып кешеннің тарихы

«Abu Dhabi Plaza» – жалпы аумағы 550 мың шаршы метрден асатын кешен. 6 блоктан тұрады. Құрылысқа толықтай Біріккен Араб Әмірліктерінің Aldar компаниясы инвестиция құйғаны хабарланған. Жоба құны 1,6 миллиард долларға бағаланған.

Кешен салу туралы алғаш 2000 жылдардың ортасында айтыла бастады. Ал 2009 жылдың тамызында алғашқы іргетасы қаланды.

Бүгінде Abu Dhabi Plaza кешеніне сауда орталығы, кеңсе мұнаралары, апартаменттер мен бес жұлдызды қонақүй кіреді. Оның мұнараларының бірі 75 қабаттан тұрады – бұл Қазақстан мен Орталық Азияның ең биік ғимараты. Биіктігі шамамен 311 метрді құрайды.

Құрылыс толық аяқталды ма

Кешен құрылысының мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылып, кезең кезеңімен пайдалануға берілген. 2019 жылы екі қабатты сауда орны жұмысын бастаса, 2020 жылы Sheraton қонақүйі іске қосылды.

Соңғы күндері желі қолданушыларының арасында кешеннің жай-күйіне байланысты әңгіме тарап, оның құрылысы әлі күнге дейін толық аяқталмағаны айтылып жатыр. Мәселен, Санжар Қайратұлы деген қолданушы кешендегі биік ғимараттың 90%-ы жұмыс істемей тұрғанын жазған.

«Іс жүзінде бұл табыс пен пайда әкелмейтін сырттай қапталған қаңқа ғана. Ғимараттың төбесінде әлі де құрал-саймандар мен материалдардың үйіндісі жатыр. Егер ғимарат техникалық тұрғыдан пайдалануға толық дайын болса, оған бірден ірі компаниялар, әлемдік қонақүй желілерінің франшизалары және басқа да танымал брендтер орналасар еді. Өйткені мұндай жерде орналасып, осындай көрініске ие болуды бәрі қалайды. Алайда қанша ұсыныс жасалып, қанша қаржы жұмсалса да, оған ешкім қоныстанған жоқ. Ғимарат апатты жағдайда, сондықтан оған кіруге болмайды», – дейді ол.

Жазбаға пікір қалдырған «Астана технологиялық орталығы» ЖШС-і кешен жобасын жүзеге асыруға қатысқанын, негізгі мұнара қаржының жоқтығынан бастапқы әрлеуде тұрып қалғанын айтқан.

«Бас тапсырыс беруші қазіргі жұмыс істеп тұрған үй-жайларды дамытып, солардың есебінен мұнараның құрылысын аяқтауды жоспарлаған еді. Бірақ Қазақстандағы экономикалық жағдай мұндай табыс алуға мүмкіндік бермей отыр, сондықтан да ғимаратты консервациялап (құрылысын уақытша тоқтатып) қойды», делінген жазбада.

Нысанның шатырына шыққысы келетіндер көп

Орталық Азиядағы биік ғимараттың шатырынан ашылатын көріністі тамашалағысы келетіндер көп-ақ. Алайда әзірге ол мүмкін емес. Блогерлер мен БАҚ өкілдері алдын ала арнайы келісім арқылы ғана жоғары көтерілген жағдайлар болған.

Оның қатарында америкалық инфлюенсер Caleb бар. Ол 311 метр биіктіктен күннің батқанын таспалап, парақшаларына бөліскен.

Kursiv.Media желідегі әңгіменің растығын тексеру үшін Астана әкімдігіне ресми сауал жолдайды.

Айта кетейік, бүгін 11 қыркүйектегі террорлық шабуылға 25 жыл толып отыр. Соған орай Kursiv.Media лаңкестік шабуыл Американы, жалпы әлемді қалай өзгерткені туралы материал дайындаған.

Сондай-ақ оқыңыз