Елімізде мемлекеттік бағалы қағаздарды токендеу кеңеюі мүмкін

Қазақстанда токенделген активтер нарығы енді қалыптасып келе жатқанымен, бұл бағыт болашақ қаржы жүйесінің әлеуетті салаларының біріне айналуы мүмкін. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Central Asia FinTech Summit форумында айтты, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Оның сөзінше, Қазақстанда токенделген активтерді дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Ендігі маңызды қадамдардың бірі мемлекеттік бағалы қағаздарды токендеу болып отыр.
«Токенделген активтер нарығы әзірге бастапқы кезеңде тұр. Дегенмен бұл технологияның қаржы нарығы болашағында маңызы зор. Қазақстанда қажетті инфрақұрылым құрылып жатыр. Мемлекеттік бағалы қағаздарды токендеу жобасы сәтті іске қосылса, бұл технологияны қаржы нарығының басқа бағыттарына да кеңінен енгізуге жол ашады», – деді Мадина Әбілқасымова.
Жақында елімізде Алатаудағы мүлік пен активтерді токенге айналдыру басталған еді.