Құны 19,9 млрд теңге: Павлодардағы мұз кешені қашан пайдалануға беріледі

Павлодарда құны 19,9 млрд теңге болатын көпфункционалды мұз спорт кешені салынып жатыр. Жобаны іске асыру басталған. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрден асатын кешенде Олимпиада талаптарына сай 400 метрлік коньки жолы, екі хоккей алаңы және керлинг жолақтары болады. Сонымен қатар 500 көрерменге арналған трибуна, жаттығу залы, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған бөлмелер қарастырылады.
Кешен іске қосылғаннан кейін мұнда қысқы спорттың бес олимпиадалық түрін конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлингті дамытуға мүмкіндік туады.
Кешенде жаңа спорт секцияларын ашып, спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және түрлі жарыстар ұйымдастыруға болады.
Қазір Павлодарда 370 мыңнан астам адам тұрады. Қалада 19 хоккей корты бар, оның бесеуі жабық. Бұдан бөлек, мұз сарайы мен мұз аренасы жұмыс істейді. Алайда қолданыстағы нысандар тұрғындар мен спорт ұйымдарының сұранысын толық өтей алмай отыр.
Жаңа мұз кешені осы мәселені шешіп, жұмыс істеп тұрған спорт нысандарына түсетін жүктемені азайтып, қала тұрғындарына қысқы спортпен айналысуға көбірек мүмкіндік береді.
Осыған дейін Үкімет Ақтөбедегі стадионға 6, 5 млрд теңге бөлінетінін жариялаған.