Құрасбек Сәдібеков Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі болып тағайындалды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен, Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Жетісу ауданының әкімі лауазымына Құрасбек Сәдібеков тағайындалды.
Құрасбек Сәдібеков 1989 жылы 28 желтоқсанда Целиноград қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «саясаттану» мамандығы бойынша аяқтаған. 2017 жылы Ұлыбританиядағы Манчестер университетін «Халықаралық даму: саясат, басқару және даму стратегиясы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы:
Қызмет жолын 2011 жылы Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі аппаратының бас маманы лауазымынан бастаған.
2013–2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінде түрлі қызметтерді атқарды.
2014–2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және даму департаментінде бас сарапшы болып жұмыс істеді.
2017–2019 жылдар ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі лауазымын атқарды.
2019–2022 жылдары Өзбекстан Республикасындағы (Ташкент қ.) Қазақстан Республикасы Елшілігінің үшінші хатшысы ретінде дипломатиялық қызметте болды.
2022 жылдың қазаны – 2025 жылдың қаңтары Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2025 жылдың қаңтары – мамыры Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.
2025 жылдың мамырынан бастап Жетісу ауданының әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.
Бұған дейін Жетісу ауданын басқарған Ләззат Жылқыбаева Құрылтай депутаты болып сайланған еді.