Шынайы оқиғалардан саяси драмаға дейін: 11 қыркүйек туралы ең әсерлі фильмдер

Жарияланды 11 Қыркүйек 2026 09:43

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
«Потерянный рейс» фильмінен кадр

2001 жылдың 11 қыркүйегінде орын алған теракттың салдары кино өнерінде теңдессіз көрініс тауып, шынайы реконструкциялардан бастап, саяси драмалар мен заң талқысына дейінгі ауқымды тақырыпқа айналды.

Kursiv.Media 11 қыркүйек трагедиясын, зардап шеккендердің тағдырын және осы оқиғаның әлемге әсерін көрсететін басты фильмдерді назарыңызға ұсынады.

«Потерянный рейс» (United 93, 2006)

Осы тақырыптағы ең шынайы әрі әсерлі туындылардың бірі. Фильм United Airlines компаниясының 93-рейсінде орын алған оқиғаларды сәт сайын қалпына келтіреді. Террористер басып алған ұшақтағы жолаушылар қауіпке қарамастан қарсылық көрсетіп, одан да үлкен апаттың алдын алды. Картина оқиғаның драмалық кернеуін ешқандай жасандылықсыз жеткізеді.

фильмнен кадр

«Егіз мұнара» (World Trade Center, 2006)

Режиссер Оливер Стоунның фильмі дүниежүзілік сауда орталығының ғимараттары құлаған сәтте үйінділердің астында қалып қойған Нью-Йорк полициясының екі офицері туралы баяндайды. Фильм құтқарушылардың ерлігін, адам өмірін сақтап қалу жолындағы арпалысты және үміт пен қолдаудың маңызын көрсетеді.

фильмнен кадр

«Мавританец» (The Mauritanian, 2021)

11 қыркүйек терактынан кейінгі құқықтық әрі адамгершілік салдарды ашып көрсететін саяси драма. Мохаммед Ульд Слахи есімді азамат ешқандай ресми айыпсыз және сотсыз Гуантанамо түрмесінде 14 жыл бойы отырып, азаптауларды бастан өткереді. Фильм терактіден кейінгі үрей мен кек алу сезімі заңдылық пен адам құқықтарын қалай көлеңкеде қалдырғанын баяндайды.

фильмнен кадр

«Жутко громко и крайне близко» (Extremely Loud & Incredibly Close, 2011)

Джонатан Сафран Фоердің романы бойынша түсірілген фильм. 9 жасар аутист бала 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғада әкесінен айырылады. Әкесінің заттарының арасынан кілт тауып алған ол Нью-Йорк бойлап сол кілттің құлпын іздеуге аттанады.

фильмнен кадр

«Помни меня» (Remember Me, 2010)

Екі жастың арасындағы махаббат пен күрделі қарым-қатынасты баяндайтын драмалық туынды. Сюжет желісі қарапайым өмір салтымен өрбігенімен, фильмнің финалы 11 қыркүйектегі трагедиямен тікелей тоғысып, көрерменге өмірдің бір-ақ сәтте өзгеріп кете алатынын еске салады.

фильмнен кадр

Еске сала кетейік, бүгін 11 қыркүйектегі террорлық шабуылға 25 жыл. Сол күні болған қайғылы жағдай туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз