СКО-да астық қоймаларын қасақана өртеу 495 млн теңге шығынға әкелді

Жарияланды
Фото: ТЖМ

Солтүстік Қазақстан облысында астық қоймаларын қасақана өртегені үшін 6 жылға сотталған азаматтың ісін Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот қайта қарады. Сот бірінші және апелляциялық инстанциялардың шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың мамырында шаруа қожалығының меңгерушісі басшысымен жанжалдасып, басқа адамның көмегімен астық қоймаларын әдейі өртетуді ұйымдастырған. Өрттен шаруа қожалығына 495 млн теңге көлемінде шығын келген.

Бірінші сатыдағы сот К. есімді азаматты бөтеннің мүлкін қасақана жойып, өрт қою арқылы аса ірі залал келтіргені үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеген. Апелляциялық сот та бұл шешімді күшінде қалдырған.

К.-ның адвокаты кассациялық шағым түсіріп, оның кінәсі толық дәлелденбегенін айтып, сот үкімін жоюды сұраған.

Алайда кассациялық сот меңгерушінің  өртті ұйымдастырғанына дәлелдер арқылы көз жеткізген. Сотта өрт сөндіру органдарының материалдары, оқиға орнын тексеру, күдіктілердің телефон байланыстары зерттелген.

Сараптама өрттің қасақана қойылғанын, ал келтірілген 495 млн теңге шығынның мөлшері құрылыс-экономикалық сараптама арқылы расталғанын көрсетті.

Осыған байланысты кассациялық сот үкімді өзгертуге немесе күшін жоюға негіз жоқ деп танып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз