Бірінші болғандар: Қазақстандық чемпиондар Рыбакинаның трендін қалай қолдады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Бірінші болған спортшылар / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан теннис федерациясы әлеуметтік желіде Елена Рыбакинаның суретін жариялап, оқырмандарына «Ал сен неден біріншісің» деген сұрақ тастады. Тіпті бұл трендке отандық танымал спортшылар да белсене қатысып, өз салаларында бағындырған белестерін атап өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жазба астында қалдырылған чемпиондардың пікірлері:

Жансая Әбдумалик:

«Шахматтан ерлер арасында гроссмейстер атанған алғашқы қазақ әйелімін».

Айта кетейік, Жансая шахматтан әйелдер арасында ғана емес, ерлер арасындағы халықаралық гроссмейстер (GM) атағын алған тұңғыш қазақ қызы. Жастар арасында бірнеше дүркін әлем чемпионы атанып, отандық шахмат мектебінің деңгейін халықаралық аренада жаңа биікке көтерді.

Назым Қызайбай:

«Бокстан 3 дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы спортшымын».

Қазақстан әйелдер боксы тарихында 3 дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы. Ол рингтегі шеберлігімен қазақ қыздарының да бокста әлемдік көшбасшы бола алатынын дәлелдеп, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Динара Садуақасова:

«Әлемдік топ-10 қатарына енген Орталық Азиядағы алғашқы шахматшымын».

Орталық Азия шахматшылары арасынан алғаш болып ФИДЕ-нің әлемдік топ-10 рейтингіне енген гроссмейстер. Ол да бірнеше жас санатында әлем чемпиондықтарын жеңіп алып, еліміздегі интеллектуалды спорттың дамуына зор үлес қосып келеді.

Михаил Шайдоров:

«Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алғашқы Олимпиада чемпионымын».

Михаил Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы ретінде жазды. Төрт айналымды күрделі секірулерімен ерекшеленіп, қысқы спорт түрлерінен ел қоржынына тарихи алтынды салған еді.

Жалғас Жұмағұлов:

«UFC-ге қадам басқан алғашқы қазақстандықпын».

Аралас жекпе-жектен (MMA) әлемдегі ең беделді UFC октагонына қадам басқан тұңғыш қазақстандық файтер. Оның бұл қадамы отандық ММА шеберлері үшін мұхит ар жағына жол ашып берді.

Ербол Хамитов:

«Пара биатлоннан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Паралимпиада чемпионымын».

Пара биатлоннан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Паралимпиада чемпионы. Ерлік пен мұқалмас жігердің үлгісін көрсеткен спортшы еліміздің паралимпиадалық қозғалысына үлкен серпін берді.

Нариман Курбанов:

«Спорттық гимнастикадан алғашқы Олимпиада медалінің иегерімін».

Спорттық гимнастикадан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада медалін еншілеген гимнаст. Тұтқалы ат снарядындағы ерекше элементімен әлемге танылып, Париж Олимпиадасында күміс жүлде иеленді.

Федерацияның бұл қарапайым бастамасы отандық спорт жұлдыздарының басын біріктіріп, еліміздің мақтаныштарын тағы бір мәрте жұртшылық есіне түсірген ерекше челленджге айналды.

Еске сала кетейік, Елена Рыбакина US Open турнирінің финалына шығып, әлемнің бірінші ракеткасы атанған еді.

Сондай-ақ оқыңыз