Геннадий Головкин тағы бір лауазымды орынға отырды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ұлттық Олимпиада комиетінің мәліметінше, сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.
Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.
Енді Геннадий Головкин Азия мен Еуропадағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысады.
«Ол қауымдастықтың алдағы жұмыс бағыттарын белгілеуге, Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге қолдау көрсетуге, спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және ISSA-ға мүше елдер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады«, – делінген комитет хабарламасында.
Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды. Африка және Латын Америкасы өңірлеріне жауапты вице-президент қызметіне Марокко өкілі Наваль Эль-Мутавакель тағайындалды.
Айта кетейік, Головкин 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді.
Ал 2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. 2026 жылдың 15 маусымында аңызға айналған боксшы ресми түрде Халықаралық бокстың Даңқ залына (IBHOF) енді.