Отбасы күні: Қазақстанда соңғы бес жылда неке көрсеткіші қалай өзгерді

Бүгін, 13 қыркүйекте Қазақстан халқы айтулы мереке – Отбасы күнін атап өтуде. Адам баласы үшін ең қымбат құндылық саналатын қара шаңырақ пен ұрпақ тәрбиесі елімізде мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналған. Бұл күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев та отандастарға арнайы құттықтау жолдап, отбасы институтының ұлттық болмыс пен мемлекет дамуындағы айрықша орнына тоқталды.
Ата заң деңгейіндегі қорғау
Отбасы күнін атап өту бастамасы алғаш рет 2009 жылы көтеріліп, 2013 жылы ресми мерекелер тізіміне енген болатын.
2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның 30-бабына сәйкес, неке мен отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің тікелей қорғауына алынды. Ата заңда тұңғыш рет неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде нақты бекітілді. Сондай-ақ биыл елде Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылып, балалар мен аналардың құқығын қорғау тетіктері күшейтілді.
Президент өзінің құттықтауында атап өткендей, Отанға деген сүйіспеншілік, заң мен тәртіпке бағыну, табиғатты аялау сияқты жағымды қасиеттердің бәрі ең алдымен отбасындағы тәрбиеден бастау алады.
Неке көрсеткіші мен демография
Мәдениет және ақпарат министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 6 миллион 200 мыңға жуық отбасы бар. Статистикалық көрсеткіштер елдегі отбасы динамикасының тұрақтылығын көрсетеді:
Соңғы 5 жылдың дерегі бойынша елімізде жылына орта есеппен 126 мыңға жуық жаңа шаңырақ көтеріледі. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 74 648 неке ресми түрде тіркелген. Мұның жартысынан астамы жаз айларына сәйкес келді.
Жаңадан отау құрғандар саны бойынша Алматы қаласы алда тұр – 12 344 неке. Екінші орында Астана қаласы (9 074), ал үздік үштікті Түркістан облысы (5 611) түйіндейді.
Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің 2026 жылғы докладында Қазақстан неке көрсеткіші бойынша ең жоғары – 100 балл еншілесе, отбасылық зерттеулерге сүйенсек, отандық жастардың 80,1%-ы отбасылық құндылықтарды өмірдегі басты ұстаным санайды.
«Отбасы апталығы»
Мереке қарсаңында, 7-13 қыркүйек аралығында республика бойынша «Отбасы апталығы» ұйымдастырылып, салауатты өмір салты, саналы ата-ана болу және ұрпақтар сабақтастығына арналған түрлі ағартушылық шаралар өтті. Оған қоса, әлеуметтік желілерде «Біздің отбасымыздың бір күні» ұранымен #Otbasym2026 челленджі бастау алып, мыңдаған қазақстандық өз шаңырағының қуанышты сәттерімен бөлісуде.