70 жастағы апа 30 келілік қойды 40 рет көтеріп, жұртты таңғалдырды (видео)

Шығыс Қазақстан облысындағы 70 жастағы апа 30 келілік қой макетін 40 рет көтеріп, көпшілікті таңғалдырды.
Бұл туралы Kursiv.media YK-news-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Қасым Қайсенов кентінде өткен Nomad Álemi заманауи көшпенділер фестивалінде болған.
Садақ ату, ләңгі тебу
Фестивальдің спорттық бағдарламасы бес сағатқа созылып, оған 2 мыңнан астам адам қатысты. Қатысушылар арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ләңгі тебу, қой макетін көтеру, белбеу күресі және асық атудан бақ сынады.
Ең көп назар аударған сайыстардың бірі – салмағы 30 келілік қой макетін көтеріп отырып-тұру болды. Жарыста жас ерекшелігіне қарамастан кез келген адам өз күшін сынады.
Ерлер арасында 1070 рет көтерген
Осы алаңның басты жұлдызы 70 жастағы апа болды. Ол 30 келілік снарядты 40 рет көтеріп, көрермендер мен қатысушыларды таңғалдырды.
Ерлер арасында да ерекше нәтижелер тіркелді. Бір қатысушы қой макетімен 1070 рет отырып-тұрса, екіншісі 1010 рет орындаған.
Дәстүрді жаңғырту
Фестивальдің басқа алаңдарында балалар асық атып, жастар дәстүрлі ойындарға қатысып, әр жастағы адамдар арқан тартудан күш сынасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстардың басты мақсаты жеңімпаз анықтау емес, көшпенділердің дәстүрлі ойындарын қайта жаңғыртып, олардың қазіргі қоғамдағы орнын көрсету болған.
Айта кететін жайт, Қайрат Әділгерей мен Қанат Әлжаппаровтың «Әзіл Әлемі» театры сахнасында бір әже гүл беруге шығып, сахнадан түспей, әңгіме айтып, әртістермен бірге қосыла ән шырқаған еді.