«Карфаген»: Украина Бас прокурорының Қазақстандағы алаяқтарға не қатысы бар

Қазір Украинада ірі сот жүріп жатыр. Украинаның Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы мен Жемқорлыққа қарсы мамандандырылған прокуратура елдің Бас прокуратурасындағы ірі тұлғаларды қамауға алды. Тергеу дерегінше, олар алаяқтықпен айналысқан колл-орталықтарға «қамқоршы» болып келген. Елдегі жемқорлықпен күресуі қажет органның өзі заңсыз жолмен миллиондаған доллар шығарып отырған көрінеді. Бұл қылмыстық схемада Қазақстан да аталады. Kursiv Media түсіндіруге тырысады.
«Канцлер», оның «Музасы» мен «Камрады»
«Карфаген» деп аталған операция жайлы ең алғаш украиналық және ресейлік тәуелсіз БАҚ 4 қыркүйекте жазды. Ұлттық бюро Бас прокурор кеңсесіндегі әлдебір қызметкер 2025 жылы ірі қылмыстық топ құрды деп айыпталғанын хабарлады. Қылмыстық топ өзін инвестициялық фирма, банк ретінде таныстырған қаржы пирамидаларына, алаяқтықпен айналысатын колл-орталықтарға «қамқоршылық еткен». Олар заңсыз әрекетін жалғастыра береді, ал оған көз жұма қараған прокуратура қызметкерлерінің есепшотына миллиондаған қаржы түседі.
Ұлттық бюро мәліметінше, арнайы қызмет ұзақ уақыт бойы күдіктілерді аңдыған, телефондарын тыңдаған. Олар сөйлесіп, қылмыстық әрекетін талқылады деген аудиожазбалар да жарияланды. Бастапқыда нақты ешкімнің аты-жөнін хабарлаған жоқ, оның орнына лақап аттарын жариялады.
«Қылмыстық топ құрамында болғандар: «Канцлер» – жетекшісі, «Муза» – «Канцлерге» жақын адам, «Камрад» – «Канцлер» жүргізушісі және т.б.», – деп жазылған бюро таратқан хабарламада.
Сол күні Бас прокуратурада жұмыс істейтін, халықаралық-құқықтық департаменті басшысының орынбасары, 42 жастағы Сергей Крапива ұсталды. Оны 89 млн гривен (шамамен 902 млн теңге – ред.) жылыстатты деп айыптап, екі айға қамады. Оның артынан Елизавета Ивахненко да ұсталды. 24 жасында Заң академиясында киберқауіпсіздік және ақпараттық технология факультеті деканының орынбасары атанған бойжеткен рұқсат етілмеген жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдік бар. Қазір оларға қатысты сот отырыстары өтіп жатыр.
Кейін құжаттағы «Канцлер» Сергей Крапива, ал «Музасы» Елизавета Ивахненко болып шықты. Бұл «кейіпкерлердің» арасында «Босс» деп аталған тағы бір тұлға бар. Украиналық журналистердің болжамынша, ол елдің бас прокуроры – Руслан Кравченко. Ол бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеп, отставкаға арыз берді. Зеленский бірден депутаттардан оның отставкасын мақұлдауды сұрады.
Кравченко тағылған айыпты «саяси қысым» деп жариялады. Бүгін, 14 қыркүйекте, оның шетелге кетіп қалғаны белгілі болды.

Қазақстанға қатысы қандай?
Бір қарағанда бұл іс Украина ішіндегі дау болып көрінуі мүмкін. Бірақ тергеу дерегіне сүйенсек, қылмыстық топ халықаралық деңгейде әрекет еткен. Олар «қамқоршы болған» колл-орталықтар Украина мен ЕО елдеріндегі мыңдаған тұрғындарға хабарласып, миллиондаған ақшасын жымқырған.
Арнайы қызмет дерегінше, кемінде 2 мың колл-орталық жұмыс істеген. Бір уақытта оларда 200 адамға дейін болған. Жалпы бұл орталықтарда 60 мыңға жуық азамат заңсыз әрекетпен айналысқан көрінеді. Белгілі бір бөлігі «қызметкерлеріне» абоненттік төлем ретінде ақы төлеп, әрекетін заңдастырып алған. Ал оларды «сүйемелдеп» отырған күштік құрылымдар айына 20 млн долларға дейін табыс тапқан. Ол ақша тек Бас прокуратураға ғана емес Украина Қауіпсіздік қызметі, Ұлттық полиция, Бас барлау басқармасы және басқа құрылымдар арасында бөлініп отырған.
Қылмыстық топ әрекетіне Қазақстан да араласқан. Украиналық БАҚ дерегінше, сотта бас күдікті Сергей Крапива мен «Харьков» футбол клубының президенті Богдан Бойко екеуінің арасындағы әңгімесінің аудиосы жарияланды. Ол Қазақстан атынан Украинаға серіктестік орнатуды сұрап, өтініш беретін адам іздейді. Тергеу дерегінше, сол арқылы бәсекелесін жоймақшы болған көрінеді. Бірақ Қазақстан тарапынан Украинадағы қылмыстық топпен кім байланысқаны нақтыланбады.
Қазақстандағы «халықаралық алаяқтар»
Украинадағы күштік құрылымдар «қолдау көрсеткен» қылмыстық топтар үшін Қазақстан «олжалы орынға» айналғаны рас. Киевте отырып әрекет ететін колл–орталықтар жүздеген қазақстандықтардың қаржысын жымқырып үлгерген. Сондықтан колл-орталықтарға қатысты істерге Қазақстан құзырлы органдары тікелей араласады. Бұл жайлы биыл наурызда болған арнайы операция кезінде белгілі болған.
Қазақстан мен Украина арнайы қызметі бірігіп, 2026 жылы 31 наурызда Днепрде жұмыс істеген үш колл-орталықтың жұмысын тоқтатты. Сол кезде ІІМ олардың Қазақстан, Украина және ЕО азаматтарына қарсы әрекет еткенін мәлімдеген. Операция кезінде 53 адамды ұстады, оның сегізін қамауға алды.
Ал бірінші қыркүйекте Polisia.kz Қазақстанда жұмыс істеген есірткі саудасымен айналысатын халықаралық қылмыстық топтың жолын кескенін жариялады. Мұнда да колл-орталықтардың ізі бар. ІІМ дерегінше, Украина, Қазақстан прокуратурасы, Интерпол бірігіп бір жылдан аса ірі операция жүргізген. Цифрлық дәлелдер жинап, қылмыстық топ қатысушыларына тінту жүргізіп, Қазақстан аумағында бірнеше адамды ұстаған.
Бір ғана Украинада 26 колл-орталықта тінту жүргізіп, 4000-нан аса дәлел тапқан.
«Қазақстан ІІМ өкілдерінің қатысуымен Киев қаласы мен Киев облысында 70 тінту жүргізілді. Адам тартумен айналысқан call-орталықтардың жұмысы тоқтатылып, қылмыстық топтың 27 белсенді мүшесі анықталды. Бұл рөлдері нақты бөлінген, кең ауқымды қылмыстық құрылым болған. Оны көрші елдің 36 жастағы азаматы ұйымдастырған», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Колл-орталықтар қазақстандықтарға хабарласып, ресми жұмысқа шақырады. Бірақ шын мәнінде есірткі саудасын ұсынады. Одан бөлек Телеграмда наркодүкендер де ұйымдастырған көрінеді. Қазір осы істер бойынша тергеу жүріп жатыр.
Осыдан төрт күн бұрын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қазақстандықтар алаяқтардың тағы бір түрі пайда болғанын айтып, ескерту жариялады. Ведомство дерегінше, енді колл-орталықтан мемлекеттік қызмет өкілдері ретінде хабарласатын болған.