
Әлемдік нарықта мұнай қайта қымбаттап жатыр. 14 қыркүйектегі саудада Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 107 доллардан асты. Бағаның өсуіне Таяу Шығыстағы жағдайдың қайта шиеленісуі және мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптің күшеюі әсер етті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Соңғы дерек бойынша Brent фьючерстері 2,6%-ға өсіп, барреліне 107,36 долларды құрады. Ал америкалық WTI мұнайы шамамен 2,4%-ға қымбаттап, 102,48 долларға жетті. Өткен аптаның өзінде Brent бағасы шамамен 9% өсті.
Brent мұнай бағасы онлайн
Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.
Мұнай неге қымбаттап жатыр?
Нарықтағы басты фактор – Таяу Шығыста мұнай тасымалына төнген қауіп. Сауд Арабиясының елдің шығысынан Қызыл теңізге мұнай жеткізетін East-West құбыры шабуылдан кейін тоқтап қалды. Бұл құбыр Ормұз бұғазын айналып өтуге мүмкіндік беретін маңызды бағыт саналады. Reuters мәліметінше, оның істен шығуы әлемдік мұнай ұсынысының 4%-ға дейінгі бөлігін тәуекелге ұшыратуы мүмкін.
Сонымен бірге Ормұз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдар және Йемендегі хуситтердің Баб-эль-Мандеб бұғазына жақын аумақтардағы белсенділігі де нарықты алаңдатып отыр. Бұл екі бағыт әлемдегі мұнай тасымалы үшін аса маңызды.
Жағдайды тұрақтандыруға бағытталған Иран мен Парсы шығанағы елдерінің Оманда өтеді деп жоспарланған кездесуі де кейінге қалдырылды. Сондықтан нарықта мұнай жеткізілімі тез қалпына келеді деген сенім әзірге әлсіз.
Баға тағы өсуі мүмкін бе?
IG сарапшысы Тони Сикамордың пікірінше, егер Сауд Арабиясындағы мұнай құбыры қысқа мерзімде қайта іске қосылмаса және дипломатиялық келіссөздер нәтиже бермесе, мұнай бағасының өсуі жалғасуы мүмкін. Ол нарық үшін келесі маңызды деңгей ретінде наурыздағы 119,48 долларлық максимумды атап өтті.
Мұнайдың 100 доллардан жоғары тұрақтауы Қазақстан үшін экспорттық түсімге оң әсер етуі мүмкін. Алайда әлемдік нарықта энергия бағасының ұзақ уақыт жоғары болуы инфляциялық қысымды күшейтіп, ірі орталық банктердің ақша-кредит саясатына да әсер етеді.