Польша үкіметі Ресей шабуылы күшейе түседі деп қауіптеніп отыр

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Польша премьер-министрі Дональд Туск / фото: Euronews

Ресейлік дрондар Польшамен шекаралас Украинаның батысына тағы да шабуыл жасады. Варшаваның Әскери Әуе қорғаныс күштері жойғыш ұшақтарын көкке көтерді, шекара бекетінде эвакуация басталды. Польшаның премьер-министрі Дональд Туск жақын арада ресейлік шабуыл одан әрі үдей түсуі мен деп мәлімдеді. Бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасаған Kursiv Media хабарлады.

Польша қорғаныс жүйесі ел шекарасына жақын маңнан бірнеше реактивті дрондарды анықтаған. Олардың бірі Польша шекарасынан бір шақырым жерде, екіншісі бес шақырым жерде жарылған. Тағы бір дрон Киев-Варшава бағытындағы пойызға тиген, бірақ оқиға Украина аумағында тіркелді.

Әуедегі қауіпке байланысты поляк жойғыш ұшақтары әуеге көтерілді. Күштік құрылымдар шекаралас аудандағы тұрғындарға ескерту жасады. Дегенмен Қорғаныс күштері Польша әуе шекарасы бұзылмағанын мәлімдеді.

Осыдан кейін жексенбіде Үкіметтік қауіпсіздік орталығында арнайы брифинг өтті. Премьер Доналд Туск шұғыл министрлерді жинап, ресейлік шабуылдан туындаған қауіпті талқылады.

«Ресей Федерациясы тарапынан эскалация қаупі де, күн өткен сайын шекарамызға жақындап келе жатқаны да барынша айқын», – деп мәлімдеді ол.

Оның сөзінше, шекара өткелдеріндегі жұмысқа кедергі жасау – ресейлік әскерилер тактикасының жаңа әдісі.

«Ресей жоспарында Украинаның өткізу пункттерінің жұмысына кедергі жасау, істен шығару, тіпті жою әрекеті де бар. Өкінішке қарай, бұл шиеленіс еліміздің аумағына да әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұдан да ауыр жағдайлар болуы мүмкін», – дейді Польша премьер-министрі.

Ресейлік дрондардың Украина-Польша шекарасына шабуылдауы былтырдан бері жиілеп жатыр. Тіпті бірнеше дрон ел аумағына кіріп, Варшава төрт әуежайын жабуға мәжбүр болған.

Ал осы айда НАТО АҚШ-сыз әскери оқу-жаттығу өткізіп, Ресейдің суасты қайықтарын анықтау және жою тәсілдері пысықтаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз