Қазақстан нарығына электрлі «Гелендваген» ресми түрде шығады

Mercedes-Benz Қазақстанда көлік құралының типін мақұлдау туралы құжат (КҚТМ) алды, деп хабарлайды Курсив Авто.
Құжат 8 қыркүйекте тіркеліп, 149 жол талғамайтын көлікке берілген.
Төрт электр қозғалтқышы және толық жетек
Құжатта әр дөңгелекке бір-бірден орнатылған төрт тұрақты магнитті синхронды электр қозғалтқышы бар G 580 нұсқасы көрсетілген. Көлік толық жетекпен жабдықталған.
CATL аккумуляторы жолаушылар салонының еденінің астына, алдыңғы және артқы осьтердің арасына орналастырылған.
Нұсқасына қарай электромобильдің жүріс қоры 527–575 шақырымды құрайды. Құжатта аккумулятордың сыйымдылығы көрсетілмеген. Дегенмен оның салмағы 712–727 келі, ал элементтер саны 216 екені белгілі.
Электрлі «Гелендваген» Қазақстанда нарығына келді
Осылайша, G 580 – Қазақстанда КҚТМ алған G-Class топтамасындағы алғашқы толық электрлі модель. Сыртқы келбеті бұрынғыдай көпшілікке таныс күйде қалған. Алайда бұл нұсқада іштен жану қозғалтқышының орнына әр дөңгелекке жеке-жеке орнатылған электр қозғалтқыштары жұмыс істейді.
Модельдің өндірісі Аустриядағы Magna Steyr зауытында жолға қойылған. Электрлі жол талғамайтын көліктер Қазақстан нарығына да осы жерден жеткізіледі.
Қазақстандағы Mercedes-Benz ресми сайтында EQ технологиясы бар G 580 модельдер қатарына енген. Көліктің көрсетілген бастапқы бағасы – 94,4 млн теңгеден басталады.
Тағы да оқыңыз: Audi «Гелендвагенмен» бәсекелесетін көлік шығармақ