Қазақстанда 15 мыңға жуық сәби жасанды ұрықтандыру арқылы өмірге келген

«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы Қазақстанда 15 мыңға жуық бала дүниеге келді.
Бұл туралы Kursiv.media Денсаулық сақтау министрлігіне сүйеніп хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, елімізде 2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 37 мыңға жуық ЭКҰ циклі жүргізіліп, 15 мыңға жуық бала дүниеге келген. Бағдарлама бойынша жыл сайын бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін ұлғайтылды.
«Бүгінде Қазақстанда отбасылардың шамамен 15%-ы бедеулік мәселесіне тап болады. Осыған байланысты репродуктивтік технологиялардың қолжетімділігі кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді», – делінген ақпаратта.
ЭКҰ жасайтын клиникалар саны 2004 жылғы 4-тен 2025 жылы 32-ге жетіп отыр. Ал қосалқы репродуктивтік технологиялар циклдерінің саны жылына 18,6 мыңға дейін өскен.
Сондай-ақ, Қазақстанда суррогат ана қызметін көрсету артқан. Оның толық құны 9,8 миллионнан басталып, 15,5 миллион теңгеге дейін жетеді.