Қазақстанда химия өнеркәсібіне салынған инвестиция екі есе өсті

Қазақстанда химия өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетті. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында салаға негізгі капиталға бағытталған инвестиция 388,4 млрд теңгені құрап, бір жылда екі есеге өсті, деп хабарлайды Kursiv Media.
Инвестицияның шамамен 79%-ы кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Компаниялардың өз қаражаты 308,2 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 2,4 есеге артқан.
Сонымен қатар банк несиелерінің көлемі керісінше күрт төмендеген. Бір жыл ішінде банктерден алынған қаржы 15,2 млрд теңгеден 1,1 млрд теңгеге дейін қысқарған.
Finprom.kz мәліметінше, инвестицияның өсуі жаңа өндірістердің іске қосылуымен қатар жүріп жатыр. 2026 жылдың басынан бері салада натрий сульфаты, пластмасса және минералды тыңайтқыш өндіретін үш жоба іске қосылды. Олардың жалпы құны 12 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін тағы 15 жобаны іске қосу жоспарланған. Оларға шамамен 69,6 млрд теңге инвестиция салынады.
Саладағы ең ірі жобалардың бірі – Маңғыстау облысында құны 800 млрд теңгеден асатын аммиак-карбамид кешенін салу жобасы.
Инвестициямен бірге өндіріс көлемі де өсіп келеді. Қаңтар-шілдеде химия өнеркәсібі 1 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,2%-ға көп.
Атап айтқанда, азотты минералды тыңайтқыштар өндірісі 13,1%-ға, аммиак өндірісі 13,5%-ға, жуғыш заттар өндірісі 22,9%-ға өскен.
Химия және оған қатысты өнімдердің экспорты да артты. Қаңтар-маусым айларында экспорт көлемі 2,8 млрд долларды құрап, бір жылда 8,6%-ға өсті. Бұл Қазақстанның жалпы экспортының шамамен 7%-ына тең.
Осылайша, химия өнеркәсібі Қазақстандағы инвестиция белсенділігі жоғары салалардың біріне айналып келеді. Жаңа өндірістер толық іске қосылған сайын оның өндіріс пен экспортқа әсері де артуы мүмкін.
Тағы да оқыңыз: Есепте 10 мың кен орны тұр: Қазақстанда қомақты алтын мен күміс қоры табылды