Қазақстанда кореялық технологиямен лифт өндірісі іске қосылуы мүмкін

Қазақстан мен Оңтүстік Корея лифт өндірісін дамыту бойынша бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Kursiv Media.
Бұл мәселе Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чжон Кванның «С5+1» отырысы аясындағы кездесуінде көтерілді.
Тараптар лифт өндірісі саласында ғылыми-зерттеу паркін құру жобасын іске асыру үшін қазақ-корей бірлескен кәсіпорнын ашу перспективаларын қарастырды. Оңтүстік Корея бұған дейін аталған жобаға грант бөлген.
Кездесуде екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы да талқыланды. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларға жетті. Ал 2025 жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд долларды құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 1,3%-ға жоғары.
Қазір өнеркәсіптік кооперация портфелінде 51 бірлескен жоба бар. Оның 23-і іске қосылып, 4,4 мың жұмыс орны құрылған.
Сонымен қатар тараптар Қазақстандағы автомобиль өндірісін одан әрі дамыту, өндірісті жергіліктендіру және шығарылатын көлік модельдерінің қатарын кеңейту мәселелерін тілге тиек етті.
Тағы да оқыңыз: Оңтүстік Корея Қазақстанда ет өңдейтін цех салады