Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбірден жаңа сусын әзірледі

Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбірді біріктіріп, алкогольсіз сусын дайындаудың жаңа технологиясын әзірледі. Ерекшелігі – бал мен зімбір мұндай сусын өндірісінде бұған дейін бірге қолданылмаған. Жаңа өнімнің құрамында антиоксиданттар мол екені анықталған, деп хабарлайды Kursiv.media.
Технологияны Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары әзірлеген.
40 түрлі құрам сынақтан өтті
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ғалымдар жоба аясында сусынның 40 түрлі құрамын жасап, зертханалық және өндірістік сынақтан өткізген. Зерттеу кезінде өнімнің дәмі мен иісі, құрамындағы пайдалы заттар, сондай-ақ өндірістік және қаржылық тиімділігі бағаланған.
Нәтижесінде талаптарға барынша сай келетін төрт құрам таңдалып алынған.
«Жобаның басты ерекшелігі – бал мен зімбірді бір құрамда алғаш рет ұштастыру. Өнімді әзірлеу кезінде олардың пайдалы қасиеттерін өндірістің әр кезеңінде барынша сақтап қалуға басымдық берілді», – дейді жоба авторлары.
Сусында антиоксиданттар көп
Зерттеу барысында дайын өнімдердің құрамында антиоксиданттардың мол екені анықталған. Ғалымдар сусынды әзірлеу кезінде бал мен зімбірдің құрамындағы пайдалы биологиялық белсенді заттардың өңдеу барысында мүмкіндігінше сақталуына ерекше мән берген.
Бал өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік береді
Ғалымдардың айтуынша, технологияның маңызы тек жаңа сусын шығарумен шектелмейді. Жоба Қазақстандағы омарташылық өнімдерін тереңірек өңдеп, балдан жаңа әрі сапалы дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда бал өндіру көлемі жоғары болғанымен, оны сусын өндірісінде өнеркәсіптік деңгейде пайдалану әлеуеті әлі толық іске қосылған жоқ. Жаңа технология осы бағытты дамытуға жол ашуы мүмкін.
«Жаңа тәсіл бал өнімдерін өңдеудің жаңа бағытын қалыптастырып, құны жоғары дайын өнім шығаруға жол ашады», – деп атап өтті мамандар.
Технологияны өндіріске енгізуге болады
Әзірленген технологияға Қазақстанда пайдалы модельге берілетін патент алынған. Сонымен қатар алкогольсіз және құрамында спирті аз сусындарды өнеркәсіптік жолмен дайындауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Қазір технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге мүмкіндік бар. Бұл отандық алкогольсіз сусындардың түрін көбейтіп қана қоймай, балды терең өңдеу арқылы жаңа өнім түрлерін шығаруға жол ашпақ.
Еске салайық, осыған дейін қазақстандық ғалымдар жоғары өнімділігі және ауруға төзімділігімен ерекшеленетін «Айтхожин» атты жаңа картоп сұрыпын шығарған болатын.