
Қазақстандықтар үшін дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар (БАД) барған сайын қымбаттап барады. Бір жыл ішінде оның бір қаптамасының орташа бағасы 15,3%-ға өскен, ал дәріханалардағы сатылым көлемі шамамен 3 млн қаптамаға қысқарған деп хабарлайды Kursiv.media.
БАД бағасы қымбаттады
EnergyProm мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–маусым аралығында ББҚ-ның бір қаптамасының орташа өлшенген бағасы 1,7 мың теңгеден жоғары болған. Бір жылда өнім бағасы 15,3%-ға өскен. Ал 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында баға өсімі 8,5% болған.
Биыл БАД-тардың бағасы тіпті қымбаттай түсті. Егер қаңтарда 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда баға 13,5%-ға артса, маусым айында бұл көрсеткіш 18,3%-ға жеткен.
Proxima Research International сарапшылары мұны ең алдымен инфляциямен байланыстырады. Сонымен қатар нарықтағы ББҚ түрлері де көбейіп келеді. Өндірушілер жаңа өнімдер шығарып, ассортиментті кеңейтіп жатыр.
ББҚ сатылымы азайған
Қазақстандықтар ББҚ-ға көбірек ақша жұмсағанымен, сатып алынған өнім көлемі керісінше төмендеген. 2025 жылдың алғашқы алты айында дәріханаларда 33 млн-нан астам қаптама сатылса, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 30 млн қаптамаға дейін түскен.
Сонымен қатар ББҚ-ның дәріханадағы жалпы сатылымдағы үлесі өскен. 2024 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 11% болса, 2026 жылы 14%-ға жеткен.
Дәрі-дәрмек пен ББҚ-ға 409 млрд теңге жұмсалған
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қазақстандықтардың дәрі-дәрмек пен ББҚ-ға жұмсаған шығыны 409 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 404 млрд теңге болған.
Зерттеушілердің пікірінше, шығынның өсуіне өнім бағасының қымбаттауы ғана емес, ББҚ нарығының кеңеюі де әсер еткен.
ББҚ нарығы импортқа тәуелді
Қазақстандағы дәрумендер мен олардың туындыларының басым бөлігі шетелден әкелінеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында нарықтағы өнім көлемі 245,1 тоннаны құраған.
Оның 242,4 тоннасы импортқа, ал отандық өндіріс небәрі 2,7 тоннаға тең болды. Осылайша, Қазақстанда өндірілген өнімнің үлесі жалпы көлемнің 1,1%-ын ғана құраған.
Күз қарсаңында дәрумен импорты артты
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда дәрумендер мен олардан жасалатын өнімдердің ішкі сатылымы 235,8 тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,5%-ға көп.
Импорт көлемінің өсуі күзгі суық тию маусымына дайындықпен, сұраныстың артуымен және дәріханалар мен сауда желілеріндегі қордың толықтырылуымен байланысты болуы мүмкін.
Алдыңғы жылдардың статистикасы дәрумендерге сұраныстың күзде айтарлықтай артатынын көрсетеді. Мысалы, 2025 жылдың қыркүйегінде ел ішінде 42,5 тонна дәрумен сатылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 11 есе көп.
Сондықтан биыл күзде де дәрумендер сатылымы өсуі мүмкін. Алайда оның нақты көлемін әзірге болжау қиын.
Биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) – құрамында дәрумендер, минералдар және басқа да компоненттер болуы мүмкін тағамға қосымша өнімдер.
Еске салайық, биыл 1 қыркүйектен бастап елдегі ББҚ (биологиялық белсенді қоспа – ред.) нарығына жаңа өзгеріс енгізіледі. Енді ББҚ-ны міндетті түрде цифрлық таңбалау керек болады