Тамызда қазақстандықтар Cobalt-ты көбірек таңдады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Дина Карамчакова

Тамызда Қазақстанда жаңа автокөлікке сұраныс қайта артты, сатылым 6,3%-ға өскен. Chevrolet Cobalt көшбасшылығын сақтап, Changan CS35 MAX алғашқы үштікке кірді деп хабарлайды Kursiv.media.

Жаңа автокөлік нарығында өсім бар

Қазақстанның автокөлік одағының мәліметіне сүйенсек, тамызда ресми дилерлер 19,1 мың жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатқан. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 18 мың болған.

Марка бойынша Hyundai көш бастады. Аталмыш брендке тиесілі 3604 автокөлік сатылып, көрсеткіш 1,3%-ға өскен. Екінші орында Chevrolet – 2764 көлік (+5,9%). Отандық нарықта танымал Changan бренді бұл айда 2217 көлік сатып, саудасы екі есе өсті. Осылайша қытайлық бренд үшінші орынға көтерілді.

Kia төртінші орында. Марка дилерлері 1556 көлік сатқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,9%-ға аз. Үздік бестікті Chery түйіндеді – 1129 автокөлік (+34,4%).

Үздік ондыққа енген басқа маркалар:

  • Toyota – 1121 автокөлік (+8%);
  • Haval – 897 (+4,9%);
  • Jetour – 865 (-6,8%);
  • Geely – 815 (-9,4%);
  • BYD – 620 (+41,6%).

MG сатылымы да айтарлықтай өскен – 132,8%. Алайда нақты сатылым көлемі әлі де аз, тамызда небәрі 142 көлік өткен.

«Cobalt» тағы алға шықты

Модельдер рейтингінде шілдедегі үздік үштік сақталды. Бірінші орынға Chevrolet Cobalt шықты – 2603 көлік сатылған. Одан кейін Hyundai Tucson – 1643 көлік және Changan CS35 MAX – 1186 көлік.

Төртінші орынға Hyundai Mufasa жайғасты – 708 көлік. Ал үздік бестікті Hyundai Elantra түйіндеді – 651 автокөлік сатылған.

Үздік ондыққа Kia Sportage (646), Haval Jolion (588), Toyota Camry (583), Changan CS55 Plus (453) және Kia Cerato (350) модельдері де кірді.

Hyundai жыл басынан бері көш бастап келеді

Қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда 146,4 мың жаңа автокөлік сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға көп.

Hyundai жыл басынан бері ең көп көлік сатқан бренд атанды. Алайда оның сатылымы 21,8%-ға төмендеп, 24 563 автокөлікке дейін түскен.

Екінші орында Chevrolet – 23 205 көлік (+16,2%). Үшінші орында Kia – 16 380 көлік (+5,1%).

Changan биыл 14 144 көлік сатып, төртінші орынға шықты. Брендтің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 102,1%-ға өскен.

Үздік бестікті Chery түйіндеді – 10 815 автокөлік (+16,4%).

Сатылымы ең жылдам өскен брендтердің бірі – BYD. Жыл басынан бері дилерлер 3208 электромобиль мен гибрид сатқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 133,3%-ға көп.

Автонесие жаңа көлік сұранысына әсер етуде

Қазақстанның Автокөлік одағының президенті Анар Макашеваның айтуынша, автопаркті жаңарту көп жағдайда көлікті сатып алуды қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты.

Оның сөзінше, автонесие мөлшерлемесінің өсуі сатып алушыларға түсетін қаржылық салмақты арттырып, жаңа көлікке деген сұранысты төмендетуі мүмкін.

Автокөлік одағы ескі көліктерді жаңасына ауыстыруға мүмкіндік беретін өндірушілер мен дилерлердің бағдарламаларын, trade-in, лизинг және басқа да қаржыландыру тетіктерін дамыту маңызды деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз