Жәнібек Әлімханұлы – Хамза Шираз жекпе-жегін ұйымдастыратын промоутер табылмай отыр

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: instagram

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен Ұлыбритания боксшысы Хамза Шираз арасындағы міндетті жекпе-жекті ұйымдастыру үшін промоутерлік аукцион жариялады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

WBO Чемпиондық комитетінің шешіміне сәйкес, тараптар – Жәнібек Әлімханұлының промоутері Боб Арум («Top Rank») мен Хамза Шираздың промоутері Фрэнк Уорренге («Queensberry Promotions») өзара келісімге келу үшін 20 күн уақыт берілген болатын. Алайда белгіленген мерзімде тараптар ортақ мәмлеге келе алмаған.

Осыған байланысты WBO жекпе-жекті ұйымдастыру құқығын ашық аукционға шығару туралы шешім қабылдады.

Аукцион шарты мен ережелері

Өтетін күні мен уақыты: 2026 жылғы 16 қыркүйек, сағат 14:00 (AST уақытымен). Өтетін орны: Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласындағы WBO бас кеңсесі. Бастапқы бағасы 300 000 АҚШ доллары.

WBO ережелеріне сәйкес, жекпе-жек гонорарының қаржысы келесідей бөлінеді:

Егер кездесу чемпионның немесе бейтарап елдің аумағында өтсе: 75% – чемпионға, 25% – үміткерге. Егер кездесу үміткердің елінде өтсе: 80% – чемпионға, 20% – үміткерге.

Аукционда жеңіске жеткен промоутерлік компания келісімшарт жасалғаннан кейін 45-тен 90 күнге дейінгі аралықта бұл жекпе-жекті ұйымдастыруы тиіс. Шара WBO-ның ресми әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Хамза Шираз қол жарақатына байланысты қарашаға дейін жекпе-жек өткізе алмайтынын айтқан еді. Ал Жәнібек Әлімханұлы допинг дауынан кейін шаршы алаңға 2026 жылдың 6 желтоқсанынан кейін ғана оралады.

Сондай-ақ оқыңыз