АҚШ-та заң бұзды деген күдікпен қазақ азаматшасы ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: әлеуметтік желіден

АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметінің (ICE) қызметкерлері қазақ азаматшасын ұстады. Әлия есімді әйел 12 қыркүйекте ұсталған деп жазады Kursiv Media.

Әзірге америкалық тарап әйелдің жеке басы, азаматтығы, қай жерде ұсталып отырғаны және оны ұстау негіздері туралы ресми ақпарат жариялаған жоқ.

Оның қамауға алынғанын 15 қыркүйекте Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады.

«Қазақстан азаматы Флорида штатында заңды көші-қон мәртебесі болмағанына байланысты АҚШ-тың иммиграциялық қызметі тарапынан ұсталды. Қазақстандық дипломаттар АҚШ мемлекеттік органдарымен және ұсталған әйелдің отбасымен байланыста болып, қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады СІМ.

Әлеуметтік желіде Әлияның құрбысы оны үйіне қайтару үшін адвокат қызметіне ақы төлеуге және кепіл сомасын енгізуге отбасыға қаражат қажет екенін жазады. Ол желі қолданушыларынан қаржылай көмек сұрап отыр.

ICE – АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің құрамына кіретін құрылым. Ведомство көші-қон заңнамасының орындалуын қамтамасыз етеді. Оның ішінде елде болу ережелерін бұзды деген күдікке ілінген шетел азаматтарын ұстаумен айналысады.

17 маусымда АҚШ-та Еламан Балтагерей есімді тағы бір қазақ азаматы ұсталған. Оған терроризмге қатысы бар деген күдік тағылды.

Сондай-ақ оқыңыз