Ақтөбеліктер мемлекеттік сатып алуға қатысамын деп 100 млн-нан айырылды

Ақтөбе тұрғындары мемлекеттік сатып алулар арқылы табыс табамыз деп, 100 млн теңгесінен айырылып қалғандарын мәлімдеді. Инвестициялық схема оларға тендер мектебінде оқығаннан кейін ұсынылған, деп хабарлайды Kursiv Media KTK телеарнасына сілтеме жасап.
Зардап шеккендердің айтуынша, басында оларды мемлекеттік сатып алуларға қатысуға және тендер ұтып алуға үйреткен. Кейін оқушыларға осы мектептің басқа түлектері ұтып алған тапсырыстарды орындауға ақша салу ұсынылған. Яғни олар бастапқы инвестиция салады, кейін бірнеше ай бойы сыйақы береміз деп уәде еткен.
«Бастапқы шарт – біз оның оқушысы болуымыз керек. Тек оқушылар ғана инвестиция сала алады. Мұның бәрін Instagram-да көрсетеді, оның аудиториясы өте үлкен. Осылайша табыс табуға болатынын көрсетеді: ол үшін инвестиция тартасың, ақша бересің де, өзің ештеңе істемейсің. Басқа оқушы жұмыс істейді, ал сен үстінен сыйақы аласың», – дейді Айман Шуриева.
Уәдеге сенген ақтөбеліктер үлкен мөлшерде ақша берген. Дегенмен зардап шеккендердің айтуынша, олар не уәде етілген табысты, не салған қаражаттарын қайтара алмаған. Олардың есептеуінше, жалпы шығын көлемі 100 млн теңгеден асып кеткен.
Полицияға жеті адам арызданған. Күдікті үйқамаққа алынды, бірақ зардап шеккен тарап оны қамауға алуды талап етіп отыр.
«Қаланың жеті тұрғыны инвестициялық қызметпен айналысамын деген сылтаумен, алдау жолымен ақшаларын иемденіп алған 33 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты шара қолдануды сұрап шағымданды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция өзге де егжей-тегжейлі мәліметтерді әлі жарияламады.
Оқи отырыңыз: Қайрат Нұртастың анасы мен Әсел Асқар заңсыз лоторея ойнатқаны үшін айыппұл арқалады