
Эстрада жұлдызы Мадина Сәдуақасова «14 күн» фильмінде бой көрсетіп, кинематография саласындағы дебютін жасады, деп хабарлайды Kurisv.Media. Әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында киноға түсуге не себеп болғанын айтты.
Сәдуақасованың айтуынша, ол бұған дейін кино жобаларға мүлдем қатыспаған. Сахна шеберінің бұл туындыға келісімін беруіне жобадағы белгілі бір тұлғаның болуы басты түрткі болыпты.
«Мен киноға мүлдем түспеймін! Бұл жолы менде үлкен дебют болды. «14 күн» фильміне түскен себебім – ол жерде бір жан бар… Сол үшін ғана», – деп жазды әнші.
Мадина туындыда өзге бір ойдан шығарылған кейіпкерді емес, өз-өзін сомдағанын атап өтті. Кинодағы алғашқы рөлі көңілінен шыққан өнер иесі экранда өзін көріп, белгілеп жатқан барша көрерменге алғысын білдірді.
Қазіргі таңда «14 күн» көркем фильмі отандық кинопрокатта көш бастап тұр.