Pinduoduo Қазақстанға азаматтардың сатып алу деректерін ұсынуы мүмкін

Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) қытайлық Pinduoduo маркетплейсімен қазақстандықтардың платформа арқылы сатып алатын тауарлары туралы ақпарат алмасу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Кездесу 14 қыркүйекте өтіп, тараптар шетелдік маркетплейстердің Қазақстандағы электронды саудасына салық салу және тауарлар туралы мәліметтерді беру тәртібін қарастырды.
Кездесуде трансшекаралық сауданың ашықтығы мен операциялар туралы ақпараттың дұрыстығына да назар аударылды. Алайда МКК Pinduoduo Қазақстанға нақты қандай деректерді және қаншалықты жиі беретіні туралы әзірге мәлімет жариялаған жоқ.
Тараптар техникалық интеграция мен ақпарат алмасу тәртібін Қазақстан заңнамасына сәйкес талқылауды жалғастыруға келісті. МКК халықаралық маркетплейстермен деректер алмасу саудадағы ашықтықты арттырып, салықтық әкімшілендіруді жақсартуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Pinduoduo бұған дейін киберқауіпсіздік мамандарының сынына ұшыраған. 2023 жылы Google қосымшаның кей нұсқаларынан зиянды бағдарламалық жасақтама анықталғаннан кейін оны бұғаттаған. «Касперский зертханасы» мен Check Point Research те қосымшаға қатысты қауіпсіздік тәуекелдерін анықтаған. Pinduoduo бұл айыптауларды жоққа шығарған.
2024 жылдың соңында Қазақстанның сол кездегі цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елде мұндай тәуекелдерге қатысты арнайы зерттеу жүргізілмегенін, алайда шетелдік зерттеулер зерделенетінін айтқан.
«Біз зерттеу жүргізген жоқпыз, әртүрлі елдердің зерттеулерін пайдаланамыз және оқып отырамыз. Егер бір мәселеге ерекше назар аудару қажет екенін көрсек, оны міндетті түрде тереңірек зерттейміз», – деген еді Мәдиев.
Сол кезде министрлік қазақстандықтарға шетелдік платформаларды пайдаланғанда сақ болуды және дербес деректерді өңдеу шарттарына назар аударуды ұсынған.