Қызылордада жасөспірімді зорлау ісі бойынша бірнеше күдікті қамауға алынды

Қызылордада спорт бапкері кәмелетке толмаған қызға екі жыл бойы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Ер адам әрекеттерді тәрбиеленушілерімен бірге жарыстарға шыққан уақытта жасаған. Оның үстіне, ол интимдік сипаттағы видеолар түсіріп, мәселе шықса немесе шағымданса, жазбаларды ата-анасына көрсетемін деп жәбірленушіні қорқытқан. Сондай-ақ жәбірленуші бапкер өзін достарына ақшаға сатқанын мәлімдеді.
Облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған қызды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қылмыстық іс бойынша екі күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу аяқталып, тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Сонымен қатар, екінші тарапқа қатысты адам ұрлау фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс бойынша үш күдікті қамауға алынды, ал екі күдіктіге қатысты сот шешімімен үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары оқиғаның барлық егжей-тегжейі мен мән-жайын анықтауға кірісті. ПД басшылығы қылмыстық істерді тергеу барысын ерекше бақылауға алды.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетейік, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қатаңдағанына екі жыл болды. Осы уақытта елде 150 әйел күйеуінің не бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапты.