
«Ғажайып ғасыр» телесериалындағы Сүлейман Сұлтан рөлін сомдаған актер Халит Эргенч украиндерге ұнамай қалды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Униан ақпаратына қарағанда, бұған актердің Ресейге барып, борщты «орыс тағамы» деп атағаны түрткі болып отыр.
Түрік актері 11-17 қыркүйек аралығында «Екатеринбург-Экспо» ХККО алаңында өтіп жатқан Халықаралық жастар фестивалінің құрметті қонақтарының бірі болған. Ол борщты жақсы көретінін, түріктердің оны дәмді сорпа деп білетінін айтқан.
Бұл сөз украиндерге түрпідей тиіп отыр. Тіпті, бұл сөзі үшін Сүлейман Сұлтанды жерден алып, жерге салудан тайынбаған.
«Эргенч Түркияда «олардың борщын» дайындайтынын айтып, іс жүзінде украин тағамын орыстардың асы ретінде көрсеткен. Иә, қыздар, кешіріңіздер. Бірақ сіздерге жағымсыз жаңалығымыз бар. Шығыстан шыққан тағы бір сүйкімді «краштарыңыз» кәдімгі түрік, таз және арзан жасанды нұсқа болып шықты», – деп сөкті Униан.
Айта кететін жайт, Алматыда Халит Эргенчпен кездесу билеттері 20 мың теңгеден басталып, 40 мың, 60 мың, 80 мың теңгеге дейін жетті. Ал ең алдағы қатардағы вип-орындар 120 мың теңгеге сатылды.