Түркістан облысында 19 млрд теңгеге авиаотын сақтайтын база салынады

«ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы Түркістан облысында авиациялық отын мен жанар-жағармай сақтайтын жаңа базаның құрылысына 19 миллиард теңге инвестиция салады. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ерлан Ахмолдинмен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС Сауран ауданының Оранғай ауылдық округінде JET A-1 маркалы авиаотыны мен жанар-жағармай материалдарын сақтау базасын салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 19 млрд теңгені құрады. Сонымен бірге кәсіпорын іске қосылған кезде 50 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жобаның жалпы сақтау қуаты 19 мың текше метрге дейін жетеді. Оның 12 мың текше метрі ТС-1, РТ және JET A-1 авиациялық отындарына арналған.
Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жобаға қажетті 10,93 гектар жер телімін бөлу мақұлданған.
Қазіргі таңда жерге орналастыру жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың І тоқсанында бастау жоспарланған.
Бұған дейін, «ҚазТрансОйл» компаниясы сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын мұнай қоймаларын салуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.