Әлеуметтік желіде Қазақстан тарихы бұрмаланып жатыр – депутат

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстан тарихына қатысты жалған ақпарат әлеуметтік желіде тез тарайды. Осыған байланысты депутаттар тарихи деректерді тексеріп, бұрмаланған мәліметтерге жедел жауап беретін жүйе құруды ұсынды. Осындай ұсыныс білдерген депутат Шолпан Каринова мәдениет және ақпарат министріне сауал жолдады.

Тарихи ақпарат әлеуметтік желіде көп тарайды

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде тарихи сана тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әсіресе жастар Қазақстан тарихына қатысты ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформалардан алады.

Сондықтан әлеуметтік желіде қандай тарихи ақпарат тарайтыны, оның дереккөзі қандай екені және қоғамға қалай ұсынылатыны маңызды.

«Әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет», – деді Шолпан Каринова.

Ақпаратты халыққа түсінікті тілде жеткізу керек

Депутат ақпараттық саясат тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі керек деп санайды.

Оның айтуынша, халықпен кездесулер барысында елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмысты азаматтардың толық біле бермейтіні байқалған.

«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде», – деді депутат.

Осыған байланысты реформалардың мақсаты мен нәтижесін түсіндіретін журналистиканы дамыту қажеттігі айтылды. Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдегі өзгерістерді түсіндіруге бағытталуы тиіс.

Қандай ұсыныстар айтылды

Депутаттық сауалда Үкіметке бірнеше ұсыныс жасалды. Атап айтқанда:

  • ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындау;
  • Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру;
  • тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау;
  • TikTok, Instagram және YouTube платформаларында Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асыру;
  • тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыру.

Депутаттың пікірінше, бұл бағыт әсіресе жастар үшін маңызды, өйткені бүгінгі ақпарат қоғамдық көзқарастың қалыптасуына әсер етеді.

Еске салсақ, осыған дейін Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын дайындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында «Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа іргелі еңбектің әзірлену барысы жан-жақты қаралды.

Сондай-ақ оқыңыз