Ақтөбеде 3,5 млрд теңгеге KAMAZ сервис орталығы салынады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ақтөбеде құны 3,5 млрд теңге болатын KAMAZ сервис орталығының құрылысы басталды
KAMAZ сервис орталығының құрылысы басталды / фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы мультибрендтік KAMAZ сервис орталығының құрылысы басталды. Жобаның инвестиция көлемі 3,5 млрд теңгегі құрады, деп хабарлайды kursiv.media.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, заманауи орталық жүк және арнайы техникаға қызмет көрсетеді. Орталық жұмысын бастаған сәтте 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сервис орталығы қаланың Оңтүстік айналма жолы бойында. Жоспар бойынша мұнда жылына 5 мыңға дейін қызмет көрсету операциясын орындау мүмкіндігі қарастырылған.

Жоба бастамашысының мәліметінше, бұл орталық Қазақстандағы осындай форматтағы алғашқы нысан болмақ.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов жобаның іске асырылу барысымен танысты. Ол құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнесті қолдау — біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан жұмысты тоқтатпай, жобаны белгіленген мерзімде соңына дейін жеткізу маңызды», – деді Абзал Әбдікәрімов.

Бұған дейін Kursiv.Media Түркістан облысында құны 19 млрд теңге болатын авиаотын сақтайтын база салынатынын жазды.

Сондай-ақ оқыңыз