Енді жатақханадағы бос орындарды платформадан бақылап отыруға болады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
жатақхана студент
фото: shutterstock

Қазақстанда студенттік жатақханаларды бөлу процесі толығымен цифрландырылып, бірыңғай платформаға көшірілуі мүмкін. Құрылтай депутаты, «Respublica» фракциясының өкілі Нұргүл Тау үкіметке осындай сауал жолдады деп хабарлайды Kursiv Media.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі бойынша соңғы екі жылда елде 113 жатақхана пайдалануға беріліп, тапшылық 7,5 мың орынға дейін азайған.

Дегенмен, мәселе тек жаңа ғимарат салумен шешілмейді, орындарды бөлудің ашықтығы мен кезектің айқындығы басты назарда болуы тиіс.

«Әлемде бұл мәселе цифрландыру тетіктері арқылы оң шешімін табуда. Мысалы, Нидерланд және Францияда студенттерді баспанамен қамтамасыз ету жүйесі толығымен цифрлық платформаларға, АҚШ және Ұлыбританияда университеттер мен жеке компаниялардың серіктестік үлгілеріне, сондай-ақ Ұлыбритания, Германия және Австралияда арнайы тұрғын үй операторларына негізделген», – деп атап өтті Нұргүл Тау.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ЖОО-лар мен колледждердің жатақханаларын біріктіретін «бір терезе» принципіндегі бірыңғай жүйе құру көзделіп отыр. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен 2026 жылдың соңына дейін жатақханаларды цифрландыруға қойылатын бірыңғай архитектуралық және технологиялық стандарттарды әзірлеуді ұсынды. Сонымен бірге 2027–2028 оқу жылы басталғанға дейін барлық мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарының жатақханаларын платформаға толық қосу ұсынылды.

Платформа арқылы студенттер кезекке де, жатақханадағы орынға да үйден шықпай-ақ, интернет арқылы тапсырыс бере алады. Қағаз жүгіріп, қол қойып жүрмей-ақ, келісімшартты онлайн түрде бекітуге болады. Бос орындардың қанша қалғаны жүйеде нақты уақыт режимінде көрініп тұрады. Барлық процесс eGov порталымен байланыстырылады, бұл құжат жинауды айтарлықтай жеңілдетеді.

Сондай-ақ платформа жинаған мәліметтер арқылы қай өңірде студенттерге жатақхана көбірек қажет екенін көрсететін арнайы карта жасалады. Бұл қай жерде жаңа жатақхана салу керектігін дәл анықтауға көмектеседі.

Бұған дейін Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жатақхана ала алмаған кейбір студенттерге өтемақы төленетінін айтқан еді. Төлем мөлшері жылына 29 АЕК-ке дейін, яғни 100 050 теңгені құрайды. 

Сондай-ақ оқыңыз