FlyDubai Қазақстан мен БАӘ арасында жүк рейстерін іске қосады

2026 жылғы 2 қазаннан бастап FlyDubai әуе компаниясы Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша жүк рейстерін орындайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Рейстер Boeing 737 әуе кемелерімен аптасына бір рет орындалады.
«Олар Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында импорттық және экспорттық жүктерді тасымалдауды қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.
Жүк рейстерінің іске қосылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақстандық бизнес үшін қосымша логистикалық мүмкіндіктер қалыптастырады.
Жүк авиациясын дамыту – Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың, транзиттік тартымдылығын арттырудың және елдегі авиациялық хабтарды одан әрі қалыптастырудың басым бағыттарының бірі.
Бұған дейін Air Astana әуекомпаниясы Біріккен Араб Әмірліктеріне тоқтатылған тұрақты рейстерді қалпына келтіретінін хабарлады.