Форумдардан пайда бар ма: Жастар арасындағы жұмыссыздық көбейіп барады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: ЖИ арқылы жасалды

Елімізде оқымайтын, жұмыс істемейтін және ресми қайта даярлаудан өтпейтін жастардың (NEET санаты) үлесі 5,8 пайызға жетті. Ресми деректерге сүйенсек, 100 мыңнан астам жас тіркелген жұмыссыз ретінде есепте тұрса, 300 мыңнан астамы уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүр. Осыған орай, «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ділдәбек Дидарбек мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа депутаттық сауал жолдап, саладағы қордаланған түйткілдерді көтерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Құрылтай депутатының айтуынша, бұл санаттағы жастар – деструктивті тәуекелдерге ең бейім, әлеуметтік жағынан осал топ. Өңірлерде Жастар ресурстық орталықтары (ЖРО) жұмыс істегенімен, олардың қызметі көбіне қаланың белсенді жастарымен шектеліп, шеткері ауылдар мен қала маңындағы жастар ақпараттық вакуумда қалып отыр.

Жастар инфрақұрылымындағы 4 негізгі кемшілік

Жастардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерінен бейхабар, тығырықтан шығар жолды өз бетінше іздеуге мәжбүр.

Орталықтардың жұмысы нақты жасырын NEET жастарымен атаулы, нүктелі жұмыс істеуге адаптацияланбаған.

Аудандық және ауылдық деңгейдегі ЖРО қызметкерлерін материалдық ынталандыру жүйесі мүлде жолға қойылмаған.

Жас мамандар «Smart Data Ukimet» немесе «Отбасының цифрлық картасы» сияқты мемлекеттік базалармен жұмыс істей алмайды.

Депутаттар не ұсынды?

Депутат қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту үшін министрлікке 4 нақты ұсыныс айтты:

  1. Бағалау критерийін өзгерту: ЖРО жұмысын құр өткізілген іс-шаралар санымен емес, нақты жұмысқа орналасқан немесе сұранысқа ие мамандық алып шыққан жастардың санымен бағалау;
  2. Мобильді топтар құру: Орталық қызметкерлерін жастар көп шоғырланатын орындарға — базарларға, вокзалдарға, жұмысшы кенттеріне жіберіп, көшпелі кеңес беру пункттерін ұйымдастыру;
  3. Автоматты SMS-хабарлама: «Smart Data Ukimet» жүйесі арқылы 15–35 жас аралығындағы азамат оқудан шыққан немесе зейнетақы жарнасы түсуді тоқтатқан сәтте eGov Mobile арқылы оған автоматты түрде атаулы SMS-ұсыныстар жіберу;
  4. Форумдарға мораторий енгізу: Жергілікті бюджеттен бос қайталанатын форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарды тоқтатып, үнемделген қаражатты ауылдық ЖРО инспекторларының жалақысын көтеруге бағыттау.

Депутат Ділдәбек Дидарбек Мәдениет және ақпарат министрлігінен аталған сауалға Конституциялық заңға сәйкес белгіленген мерзімде ресми жауап қайтаруды сұрады.

Оқи отырыңыз: 2030 жылға қарай колледж жасындағы жастар 1,5 млн-ға жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз