Өзбекстан бизнесі Қазақстанға жаппай келіп жатыр (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Өзбек бизнесі Қазақстанға ағылуда / фото: Kursiv Media

Қазақстанда өзбекстандық бизнес саны көбейіп қана қоймай, белгілі бір салаларға айқын шоғырланып отыр. Kursiv Media Ұлттық статистика бюросының деректерін зерттеп көрді.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда Өзбекстанға тиесілі 10,9 мыңға жуық заңды тұлға, филиал және шетелдік заңды тұлғаның филиалы тіркелген. Олардың басым бөлігі қызмет көрсету, сауда және құрылыс салаларын таңдаған.

Өзбекстан бизнесі

Қазақстандағы өзбекстандық бизнес саны 55%-ға өсті

Шетелдік меншік нысанындағы тіркелген заңды тұлғалар, филиалдар және шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары

1 қаңтар
8 209
1 тамыз
12 751
Өсім
+55,3%
Жұмыс істеп тұрған субъектілер
1 қаңтардағы 6 528-ден 1 қыркүйекте 11 088-ге дейін өсті
+69,9%
* 1 қыркүйектегі ҰСБ веб-кестесінде тіркелген субъектілер саны бойынша техникалық сәйкессіздік бар. Сондықтан диаграммада тіркелген субъектілердің соңғы салыстырмалы көрсеткіші ретінде 1 тамыздағы дерек пайдаланылды.
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қызмет көрсету бірінші орында

Өзбекстандық бизнестің ең үлкен бөлігі қызмет көрсетудің өзге түрлеріне тиесілі. Бұл бағытта 4 621 субъект тіркелген. Яғни Қазақстандағы барлық өзбекстандық бизнестің 42%-дан астамы осы санатқа кіреді.

Бұл санатқа әртүрлі тұрмыстық және жеке қызмет көрсету бағыттары кіретіндіктен, оны бір ғана бизнес түрімен байланыстыру дұрыс емес. Дегенмен статистика өзбекстандық кәсіпкерлердің Қазақстанда қызмет көрсету нарығына белсенді кіріп жатқанын көрсетеді.

Әр төртінші бизнеске жуығы саудада

Екінші ірі бағыт – көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу.

Бұл салада 2 601 өзбекстандық субъект жұмыс істеуге тіркелген. Оның жалпы көрсеткіштегі үлесі шамамен 24%.

Сауданың жоғары үлесі екі ел арасындағы тығыз экономикалық байланыспен де түсіндіріледі. Қазақстан мен Өзбекстан арасында тауар айналымы жоғары болғандықтан, тауар сату, жеткізу және оған байланысты қызмет көрсететін компаниялардың көп болуы заңды.

Өзбекстан бизнесі

Өзбекстандық бизнес қай салаларда шоғырланған?

Қазақстанда тіркелген Өзбекстанға тиесілі заңды тұлғалар, филиалдар және шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары. 2026 жылғы 1 қыркүйек.

10 905
тіркелген
субъект
Қызметтердің өзге түрлері 4 621 42,4%
Сауда және автокөлік жөндеу 2 601 23,9%
Құрылыс 2 385 21,9%
Тұру және тамақтану қызметтері 289 2,7%
Көлік және жинақтау 221 2,0%
Өзге салалар 788 7,2%
88,1% — өзбекстандық бизнестің қызмет көрсету, сауда және құрылыс салаларына тиесілі жиынтық үлесі.
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Құрылысқа да белсенді кіріп жатыр

Үшінші орында – құрылыс саласы. Қазақстанда Өзбекстанға тиесілі 2 385 құрылыс субъектісі тіркелген. Бұл жалпы өзбекстандық бизнестің шамамен 22%-ы.

Осылайша тек қызмет көрсету, сауда және құрылыс салаларын қосқанда, Қазақстандағы өзбекстандық бизнестің 88%-дан астамы осы үш бағытқа тиесілі.

Бұл көрсеткіш Өзбекстаннан келетін бизнестің өндіріс немесе шикізат секторынан гөрі халық көп шоғырланған және сұранысы жоғары нарықтарға көбірек бағытталғанын көрсетеді.

Қоғамдық тамақтану мен логистикада да бар

Өзбекстандық кәсіпкерлердің тағы бір бөлігі тұру және тамақтану қызметтерін таңдаған. Бұл бағытта 289 субъект тіркелген.

Көлік және жинақтау саласында 221 субъект бар. Оған жүк тасымалы, қоймалау және логистикаға байланысты бизнес кіреді.

Қалған ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, қаржы, білім беру және басқа салалардың жиынтық үлесі шамамен 7%.

Алматы негізгі орталық болып отыр

Өзбекстандық бизнестің салалық құрылымы оның географиясымен де үндеседі. Бұған дейінгі деректер көрсеткендей, Қазақстандағы өзбекстандық субъектілердің шамамен 65%-ы Алматы қаласында тіркелген.

Алматы — елдегі ең ірі сауда және қызмет көрсету нарығы. Сондықтан өзбекстандық бизнестің басым бөлігі дәл осы салаларда және Алматыда шоғырлануы бір-бірімен байланысты үрдіс деуге болады.

Жалпы статистика Қазақстанға келетін өзбекстандық бизнестің негізгі бағытын анық көрсетеді: қызмет көрсету, сауда және құрылыс. Осы үш сектор қазір өзбекстандық кәсіпкерлердің Қазақстандағы негізгі тірегіне айналған.

Сондай-ақ оқыңыз