
Қазақстан мен ресейлік «Газпром» газ жеткізу жөніндегі қолданыстағы келісімге қосымша құжатқа қол қойды. Енді тараптар жыл соңына дейін ұзақмерзімді келісімшартты талқылауға кіріспек деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұл туралы Қазақстан энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев TNF-2026 халықаралық өнеркәсіптік-энергетикалық форумы аясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, келіссөздер айтарлықтай ілгерілеген. Вице-министр Санкт-Петербургте өткен келіссөздерден кейін газ жеткізу келісіміне қосымша құжатқа қол қойылғанын айтты. Ұзақмерзімді келісімнің шарттарын тараптар 2026 жылдың соңына дейін талқылауды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге Қазақстан биыл Ресейден сатып алатын газ көлемін айтарлықтай арттырмақ. Тұтқышбаевтың сөзінше, 2025 жылы Қазақстан «Газпромнан» шамамен 4 млрд текше метр газ алса, 2026 жылы бұл көлем 11 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін. Ал 2027 жылға шамамен 9 млрд текше метр газ жеткізу мәселесі талқыланып жатыр. Импорттың өсуіне биыл Қазақстандағы ірі газ кен орындарында болған техникалық іркілістер әсер еткен.
Бұған дейін, 2026 жылғы маусымда Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде Қазақстан мен «Газпром» биылғы жылы ресейлік газдың қосымша көлемін жеткізу туралы жеке келісімге қол қойған еді. Құжатқа қатысты ақпаратты «Газпром» ресми түрде жариялаған.
Қазақстан мен Ресей газ саласындағы ынтымақтастықты бұған дейін де кеңейткен. 2023 жылы «Газпром» мен Қазақстан үкіметі стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасаса, QazaqGaz-дың есебінде 2025–2026 жылдарға Ресей газын Қазақстанға жеткізу жөніндегі келісімшарттың бар екені көрсетілген.