Түркия түркі мемлекеттерінің Даму банкін құру жобасын әзірледі

Түркия түркі мемлекеттерінің Даму банкін құруды ұсынды. Бұл жайында Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары Күршад Зорлу Бакуде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының жетекші ұлттық талдау орталықтарының II халықаралық конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Оның айтуынша, Түркі инвестициялық қорын құрудың маңызы зор. Алайда әлемдік қаржы нарығындағы позицияны нығайту үшін ортақ Даму банкін құру қажет.
Зорлу Түркия президентінің тапсырмасымен президент әкімшілігінің қаржы басқармасымен бірлесіп осыған қатысты тиісті жоба әзірленгенін атап өтті.
«Түркі инвестициялық қорын құрудың маңызы зор. Алайда, менің ойымша, әлемдік қаржы нарығында салмағымызды арттыру үшін ортақ Даму банкін құру қажет. Президент Режеп Тайып Ердоғанның тапсырмасымен біз президент әкімшілігінің қаржы басқармасымен бірге тиісті жобаны да әзірледік. Оны басқа түркі мемлекеттеріне, сондай-ақ ұйымымыздың Бас хатшылығына ұсынамыз. Біз қолда бар мүмкіндіктерімізді пайдаланып қана қоймай, әлемдік қаржы нарығының әлеуетін де іске қосуымыз керек. Бұл кәсіпкерлерімізге несие беруге және оларға басқа да қолдау түрлерін көрсетуге, әсіресе Орта дәлізді дамытуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Report.az хабарлағандай, Күршад Зорлу Түркияның Орта дәлізден Парсы шығанағына қарай жаңа бағыт ашуға ұмтылып отырғанын айтты.
«Түркияның көзқарасы тек Каспий теңізін транзиттік бағыт ретінде пайдаланумен шектелмейді. Біз Иракпен бірге «Даму жолы» жобасы бойынша келісімнің алдын ала хаттамасына қол қойдық. Бұл бағыт Түркия арқылы Парсы шығанағына қарай өтеді», – деді Зорлу.
Тағы да оқыңыз: Ердоған түркі елдеріне ортақ әліпбиді қолдану туралы айтты